Домбыра – асыл мұра
Қос ішектің күмбірін ұлықтайтын мереке аясында балабақшаларда және үйірмелерде әр түрлі шаралар өтті.
Бүлдіршіндер домбырамен танысты, жас өнерпаздар күй шертті, ал шеберлер ұлттық аспап жасаудың қыр-сырын көрсетті.
Ұлттық тәрбиенің негізі балабақшадан басталады. Бүгін бөбекжай іші күмбірлеген күйге бөленді. Домбыра күніне арналған шарада бүлдіршіндер киелі аспаппен танысты. Бабадан қалған мұраны жатсынбай, қос ішекті қағып көрген балақайлардың төл өнерге деген ықыласы ерекше.
Жанерке Байзақова, балабақша тәрбиешісі:
- Тәрбие тал бесіктен дейді ғой кішкентай балаларға, осы 3-4 жастағы балаларға бүгін домбыраның қасиетін, біздің салт-дәстүрімізде алатын орнын түсіндіріп, бойына домбыраға деген сүйіспеншіліктерін, құрметін арттырғымыз келеді, бойларына сіңіргіміз келеді.
Мұндай іс-шаралар балалардың домбыраға деген қызығушылығын оятты.
Еркеназ Марат, балабақша тәрбиеленушісі:
- Мен домбыраны жақсы көремін. Домбырамен ән айтады, күй тартады. Өскенде домбыраны үйренгім келеді.
Бүгінде арнайы үйірмелерге жазылатын талапкерлердің қатары артып келеді. Мәселен, 11 жастағы Нұрсұлтанның бұл өнерге бет бұрғанына 4 жыл болды.
Нұрсұлтан Тәжібай, үйірме қатысушысы:
- Алғашында оңай болған жоқ, бірақ әр күнімді жаттығуға арнап, бірте-бірте үйрендім. Осы жолда алғашқы ұстазым Егей ағайдың қолдауы мен еңбегі маған үлкен демеу болды. Қазір домбыра Тарту ең сүйікті ісім.
Мұндағы өрендер тек білім алып қана қоймай, үлкен сахналарда биік белестерді бағындырып келеді. Таяуда орталықтың тәрбиеленушілері «1000 домбырашы» байқауына қатысты.
Ахмет Мұқараш, үйірме қатысушысы:
- Домбыра тарту өте қиын емес. Адамның ниеті болса, тез үйреніп кетеді. Менің сүйікті күйлерім «Шалқыма» мен «Аңшының зары».
Арман Серік, үйірме қатысушысы:
- Осы уақыт ішінде көптеген күйлерді үйрендім. Бірақ маған «Адай» күйі ерекше болып көрініп тұр.
Орталықта қазір 30-дан астам бала тәлім алады. Мұнда тек қазақ балалары ғана емес, өзге ұлт өкілдері де қос ішектің құдіретіне қызығушылық танытып жүр.
Мереке Қосым, орталық басшысы:
- Қазіргі таңда балалардың домбыраға деген қызығушылығы өте жоғары. Күніне кем дегенде 3-4 ата-ана келіп, балаларын жаздырып жатады. Тіпті өзге ұлт өкілдері де ерекше ықылас танытуда.
Құлақтан кіріп, бойды алар күмбірлеген күйдің шығуы – осы домбыраның жасалуына тікелей байланысты. Қайың, үйеңкі немесе жаңғақ секілді ең сапалы ағаштың түрлері таңдалып, айлап кептіріледі. Шебердің әрбір қашауы мен жонуы аспаптың болашақ үнін анықтайды.
Олжас Жорабаев, домбыра шебері:
- Қанша әдемі болса да оның дыбысы нашар болса, домбыраның құны болмайды. Сол себепті домбыраның дыбысы оның кебуіне байланысты, өзінің бағыттарына байланысты.
Астанадағы мына дүкенде эксклюзивті домбыралар сатылады. Ұлттық аспап әлеуметтік желі арқылы шартарапқа танылып Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей мен алыстағы Америкадан да тапсырыс түсіп жатады.
Нұрхан Нығмет, домбыра орталығының басшысы:
- Домбыраға сұраныс үлкен қазір. Бізде бір күнде кейде болады 10 домбыра жібереміз, 5 домбыра, кейде 1 домбыра өтіп жатады. Өзіміздің орталықтағы оқушыларымыз сатып алып жатады.
Наргиз Бекмағанбетова, тілші:
- Домбыра қазақтың тарихы мен бүгінгі болмысын байланыстырып тұрған көпір іспетті. Балабақшадағы кішкентай бүлдіршіндерден бастап, үлкен сахналарда бақ сынап жүрген жастардың төл өнерге деген ықыласы соның айқын дәлелі. Ең бастысы қос ішектің үні де, бабалардың аманаты да ұмытылмай, ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келеді. Ұлттық домбыра күні құтты болсын!
Наргиз Бекмағанбетова, Азамат Саметов, Санжар Біргебаев