Жекеменшік балабақшаларды лицензиялау тәртібі өзгеруі мүмкін
Қазақстандағы жекеменшік балабақша өкілдері жұмыс істеп тұрған мектепке дейінгі ұйымдарды лицензиялауға бірыңғай талаптар белгілеуді ұсынды, деп хабарлайды 24KZ «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасына сілтеме жасап.
2027 жылғы 1 қаңтардан бастап мектепке дейінгі ұйымдар лицензия алуы тиіс. Осы талап енгізілмес бұрын кәсіпкерлер санитариялық, өрт қауіпсіздігі, жер және құрылыс нормаларын қолдану тәртібін, сондай-ақ педагогтердің біліктілігін растау талаптарын нақтылауды сұрады.
Қазақстанның Үздіксіз білім беру қауымдастығының төрайымы Лейла Куленованың айтуынша, сала өкілдері лицензиялауды алып тастауды талап етіп отырған жоқ.
Біз лицензиялауды алып тастауды талап етіп отырған жоқпыз. Біздің ұстанымымыз – лицензиялау жүйесі нақты әрі жан-жақты ойластырылуы қажет. Яғни талаптардың бірыңғай, түсінікті және орындауға болатын тізімі, әрбір талаптың нақты нормативтік негізі және оны іске асыруға жеткілікті өтпелі кезең болуы тиіс. Бүгінге дейін жұмыс істеп тұрған балабақшаның жаңа талаптар өзгергеннен кейін лицензия ала алмай, қызметін тоқтатуға мәжбүр болатын жағдайға жол беруге болмайды, – деді Лейла Куленова.
Кездесуде жеке тұрғын үй құрылысына арналған жер телімдерінде орналасқан жекеменшік балабақшалардың мәселесі де талқыланды. Қауымдастықтың мәліметінше, қолданыстағы заңнама мұндай нысандардан жер учаскесінің нысаналы мақсатын міндетті түрде өзгертуді талап етпейді. Бұл қажеттілік аумақтың функционалдық аймағына, қала құрылысы құжаттарына, нысанның ерекшелігіне және жер мен құрылыс заңнамасының талаптарына байланысты анықталады.
Кәсіпкерлер бұл нормалардың өңірлерде біркелкі қолданылуын қамтамасыз етуді ұсынды.
Кәсіпкерлер қазіргі таңда лицензия алу үшін қандай құжаттар топтамасы жеткілікті болатынын нақты түсінуі қажет. Егер бір өңірде жұмыс істеп тұрған балабақшаға қолда бар құжаттар жеткілікті деп танылса, ал басқа өңірде жер учаскесінің немесе ғимараттың нысаналы мақсатын өзгерту қосымша талап етілсе, онда лицензиялаудың бірыңғай қағидаттары емес, өңірлерде әртүрлі практика қалыптасады, – деді «Атамекен» ҰКП басқарма директоры Азамат Бисенбенов.
Кездесу қорытындысы бойынша қатысушылар жұмыс істеп тұрған жекеменшік балабақшаларға қойылатын лицензиялық, жер, құрылыс, санитариялық және өрт қауіпсіздігі талаптарын нақтылайтын бірыңғай ведомствоаралық түсіндірме әзірлеуді ұсынды.
Сонымен қатар жаңа ашылатын және қазір жұмыс істеп тұрған балабақшаларға қойылатын талаптарды ажырату, анықталған кемшіліктерді жоюға өтпелі кезең беру және әкімшілік рәсімдер аяқталмағаны үшін, егер балалардың өмірі мен денсаулығына тікелей қауіп төнбесе, балабақшалардың жұмысын тоқтатпау және оларды мемлекеттік білім беру тапсырысынан шығармау ұсынылды.