Джеки Чан Алматыға келді

Қазақстанда әлемге әйгілі актер, кино жұлдызы Джеки Чанның қатысуымен түсірілетін Armour of God: Ultimatum халықаралық көркем фильмінің түсірілімі басталды.

Соған орай актер Алматыға келіп, фильмнің өндірісін ресми түрде бастау рәсіміне қатысты. Салтанатты іс-шараға Премьер-Министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, Алматы қаласы мен облыс әкімдері қатысты. Сондай-ақ қазақстандық және халықаралық киноиндустрия өкілдері келді. Үкімет басшысының орынбасары Джеки Чанның Қазақстан мен Қытай арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстарды дамытуға қосып отырған үлесін жоғары бағалады. «Қазақстан мәдениетін әлемдік аренада танытуға және екі ел арасындағы мәдени-гуманитарлық байланысты нығайтуға қосып отырған үлесіңіз үшін Сізге алғыс білдіремін. Алдағы түсірілім жұмыстарына сәттілік, жаңа шығармашылық табыстар тілеймін», – деді Аида Балаева. Оқушылар сарайында өткен кездесу барысында Джеки Чан талантты жас суретшілермен, киноматографистермен әңгімелесіп, оларға шығармашылық табыс тіледі. Балалар актерге өздері салған портретін тарту етті.

Айкөркем Жанғалиқызы, оқушы:

- Джеки Чанның портретін салғанмын. Оның портретін карандашпен үйде салғам және салып жатқанда киносын көргенмін. Каратэ пацан деген. Өте қызық және күлкілі кино. Жаңа біздікін қарағанда мынау мен ба деп, таңқалып, күліп бәріміздің көңіл-күйімізді көтерген. Келгеніне рақмет.

Ұлас Сағдабек, оқушы:

- Менің Қытайдан келгеніме екі жыл болды. Мен Қытайда Джеки Чанды көре алмағанмын. Қазақстанға келіп Джеки Чанды көргеніме сезімімді келтіре алмай тұрмын. Өте қуаныштымын.  Маған айтты осы жерде оқуың жақсы ма? Ол кісіге мен осылай  жауап қайтардым. Осы жердің табиғаты жақсы. Адамдары жақсы, сұлу. Білім бар, солай жауап бердім.

Жоба Мәдениет және ақпарат министрлігінің және Қытайдың мемлекеттік кинокомпаниясының қолдауымен жүзеге асып жатыр. Фильм өндірісіне екі елдің кинокомпаниялары атсалысады. Түсірілім биыл ел аумағында өтеді. Картинаның қоюшы режиссері қазақстандық Роберт Кун. Туынды халықаралық прокатқа бағытталған. Негізгі түсірілім алаңдары Алматы қаласында, Алматы және Маңғыстау облыстарында орналасады. Бұл жоба Қазақстан үшін стратегиялық әрі имидждік тұрғыдан маңызды. Оның жүзеге асырылуы еліміздің мәдени, туристік және инвестициялық әлеуетін ілгерілетуге, кинотуризмді дамытуға ықпал етеді.