«Славян Базары»: отандасымыз жеңімпаз атанды

Қазақстандық әнші Ақерке Амалят «Славян базары» халықаралық ән байқауында бірінші орынды жеңіп алды.  

Ел намысын қорғаған 25 жастағы өнерпаз әлемнің 19 елінен келген қатысушылар арасынан үздік деп танылды. Байқау қорытындысы бойынша екінші орынды Беларусь өкілі Елена Кузнецова мен Молдова әншісі Алексей Осичев иеленді. Ал үшінші орын қырғызстандық Нұрдоолот Деркембаев пен грузиялық Важа Гаделияға бұйырды. 

Витебскіде өткен «Славян базары» халықаралық өнер фестивалі өз мәресіне жетті. Байқау қорытындысы бойынша қазақстандық әнші Ақерке Амалят бірінші орын иеленді. Бұл жеңіске ол жарты жыл дайындалып, байқауға қатысу үшін сегіз іріктеу кезеңінен өткен. Әнші байқау барысында өзіне қолдау көрсеткен барша қазақстандыққа алғысын білдірді.

Ақерке Амалят, «Славян Базары – 2026» халықаралық байқауының і дәрежелі лауреаты:

- Ешқандай қобалжу жоқ. Бәрі ойдағыдай. Менімен бірге болмасаңыздар да алыстан тақымдарыңызды қысып отырсаңыздар, мені ойлап Алладан тілек тілеп отырсаңыздар мен риза боламын. Рақмет сіздерге, әрбіреуіңіздің жылы лебіздеріңіз маған сезіледі.

Ақеркенің өнерге келуі кездейсоқ емес. Өнерлі отбасыда тәрбиеленген әнші сахнаға бала күнінен шыққан. Кейін Алматы музыкалық колледжінде білімін шыңдап, Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясын тәмамдады.

Ал байқау жеңімпаздарын халықаралық қазылар алқасы анықтады. Оның құрамына Беларусь, Ресей, Түркия, Грузия және Германияның өнер қайраткерлері енді. Ал Қазақстан атынан қазылар алқасында халық әртісі Әлішер Кәрімов төрелік етті.

Әлішер Кәрімов, қазылар алқасының мүшесі:

- Ең әуелі сахнада өзіңді көрсете білу маңызды. Дауысыңның диапазоны кең болмауы да, таңдаған әнің вокалдық тұрғыдан аса күрделі болмауы да мүмкін. Алайда сол үш минуттың ішінде шығарманы шынайы сезініп, көрерменге жеткізе білуің керек.

Дмитрий Маликов, қазылар алқасының мүшесі:

- Біз орындаушының таңдаған репертуары мен сахналық образының үйлесіміне назар аудардық. Сондай-ақ оның сахнадағы тартымдылығы мен өнер көрсету мәнерін бағаладық. Барлық қатысушы өте лайықты деңгейде өнер көрсетті, әрі өздеріне сенімді болды.

Биылғы «Славян базары» қазақстандық өнерпаздар үшін сәтті аяқталды. Бас жүлдені Ақерке Амалят иеленсе, 13 жастағы Жасмина Түзелова балалар вокалдық байқауында күміс жүлдегер атанды.

Авторлары: Динара Қуандыққызы, Наргиз Рахимжан