Алматыда «Такси» телехикаясының түсірілімі басталды

Жуырда отандық киноиндустрия тағы бір туындымен толығады.

«Хабар» агенттігінің тапсырысымен «Такси» телехикаясының түсірілімі басталды. Сериал 16 бөлімнен тұрады. Эфирге осы күзде шығады деп жоспарланған. Түсірілім жұмыстары Алматыда жүріп жатыр.

Телехикая Дархан есімді азаматтың төңірегінде өрбиді. Ол осы күнге дейін бай-қуатты өмір сүреді. Ойламаған жерден алаяқтардың арбауына түсіп, бір сәтте жеке компаниясы мен дүние-мүлкінен айрылып, далада қалады. Күн көру үшін такси жүргізушісі болып жұмысқа орналасады. Дарханның былайғы өмірі осы такси қызметімен байланысты. 

Кемелбек Ойшыбаев, «Хабар» Агенттігі» АҚ басқарма төрағасы:

- Ой салатын фильмдер түсіруге тырысамыз. Қазір такси саласында көптеген қазақстандық араласып келе жатқананнан кейін қолданушы ретінде, жүргізуші ретінде. Жалпы осы таксистердің жұмысы оңай емес екенін, ол қаншалықты қиыншылықпен келетін жұмыс екенін жеткізу. Продакшн компаниялардың бірі «Топ Про Синема» солармен келісіп, Хабар агенттігінің тапсырысымен түсіргелі жатыр.

Сериалға қазақ кинематографиясының жарық жұлдыздары түседі. Олардың қатарында Бақытжан Әлпейісов бар. Айта кетейік, актер осыдан 30 жыл бұрын «Хабар» агенттігі түсірген алғашқы көп сериялы «Тоғысқан тағдырлар» телехикаясында ойнаған еді. Сонымен қатар кейіпкерлерді Шолпан Сіргебаева, Сырым Қашқабаев, Лаура Мырзахметова сияқты актерлар сомдайды. Хикая адамгершілік, мейіріміділік сияқты қасиеттерді насихаттайды.

Мерей Маханов, телехикая режиссёрі:

- Осыған дейін бойында сәл болсын, тәкаппарлық болған адам бір сәтте жерге түсіп, жалпы адамгершілік қасиеті ояна бастайды. Халықтың өмірімен өмір сүріп көрудің қандай болады екен соны өз басынан өткізе отырып, неше түрлі таксиде кездесетін оқиғалармен ұштасады. 

Телехикаяны халықаралық inDrive компаниясы қолдап отыр. Агенттік ұсынысын бірден қабылдаған. Қазір түсірілім тобымен бірге жұмыс істеп жатыр. Әбден сағы сынып, жігері құм болған Дархан осы жерге келеді.

Алексей Понтус, InDrive Kazakhstan компаниясы маркетинг бөлімінің басшысы:

- Мен InDrive-ты толыққанды сериал кейіпкері ретінде елестеткім келеді. Осы істі қолға алғаннан бастап, командамен тығыз байланыста болдық. Біз адам бойындағы асыл қасиеттерді басты орынға қоямыз. Өзара сенім орнады. Сондықтан телехикаяның басты кейіпкері де біздің компаниямыздың ұстанымына жақын болса екен дейміз. 

«Хабар» агенттігі жаңа телевизиялық маусымға бірнеше жоба әзірлеп жатыр. Алдымен отбасы құндылығын насихаттайтын «Ақ жеңге» телехикаясы көрерменге жол тартады. Одан кейін 16 бөлімнен тұратын «Такси» сериалы эфирге шығады.

Қарлығаш Қайыпбекова, Эдуард Кон