Әлібек Дінішев 75 жасқа толды
Бүгін Қазақстанның халық әртісі Әлібек Дінішев 75 жасқа толды. Оны тек өз елімізде ғана емес, шет жерде де сүйіп тыңдайды.
Опера әншісі отандық музыка өнерін әлем сахнасында дәріптеп, ел мәдениетін дамытуға зор үлес қосты. Ол қазақ операсына өшпес із қалдырды. Қазіргі таңда Әлібек Мұсаұлының өнерде салған жолымен бірталай жас өнерпаздар жүріп келеді.
Әлібек Дінішев ғұмырын қазақ өнерін дамытуға арнады. Оның дауысы ұлы даланың кең тынысындай. Ол – қазақ сахнасының жарық жұлдызы. Әлем мойындаған ұлы тенор. Оның есімі қазақ вокал өнерімен егіз.
Роза Рымбаева, әнші, Қазақстанның халық әртісі:
- Ол кісінің көбірек сахнада жүргенін қалаймын. Себебі Әлібек –дүниежүзілік әнші, жұлдыз. Біздің өнерімізді, біздің әншілік өнерімізді ешқандай Еуропадан, ешқандай дүниежүзілік әншіден кем емес, керісінше, одан да жоғары көрсетіп, «қазақ деген ұлт бар, оның осындай әндері бар, оның осындай жұлдыздары бар, осындай деңгейі бар», - деп көрсетіп жүрген Әлібегімізбен біз мақтанамыз.
Әлібек Мұсаұлы өзінен кейінгі жас өнерпаздар үшін өнеге. Оған еліктеген талай қыз-жігіт өнерге келді. Опера саңлағының дауысы нәзік әрі қуатты. Сырлы да, сырбаздығымен ерекшеленеді. Оның орындаушылық шеберлігіне халық әділ баға берген. Ол әлі күнге дейін өзі солист болған театрға жиі барады. Жас өнерпаздарды тамашалайды. Олармен ақылымен бөліседі.
Болат Бөкенов, ҚР еңбек сіңірген қайраткері:
- Әлібек ағамыз спектакльдің өзін емес, оның алдындағы дайындық пен репетицияларға келіп, аяғына дейін отырып тыңдайтын. Сондай сәттерде: «Бұл жерде айқайлауға болмайды. Мұндағы мазмұн осындай. Оны жеткізу үшін дауысыңды қатты көтерме, орташа деңгейде немесе сәл бәсеңдетіп айт. Сонда оркестр де сені тыңдайды. Содан кейін ғана ойыңды көрерменге жеткізе аласың», – деп көп ақыл-кеңесін айтатын.
Қазақ өнерінің асқар шыңы, жезтаңдай әнші Әлібек Дінішевтің өмір жолы – өнерге деген шексіз адалдықтың, ұлттық мәдениетімізді әлемге паш етудің жарқын үлгісі. Оның әрбір әуені, әрбір үні – қазақ музыкасының алтын қорында мәңгілікке сақталатын, ұрпақтан-ұрпаққа мирас болып қалатын асыл қазына.
Әлібек Дінішев, опера әншісі, Қазақстанның Еңбек Ері:
- Өнердің маған үйреткен ең үлкен сабағы – адамды сүю. Халықты сүю, музыканы сүю, өнер арқылы адамдарға қуаныш сыйлау. Өнер адамының бақыты – жүректегі сезімді шығармашылығы арқылы көрерменге жеткізе алуында.
Сан мыңдаған жүректерге жол тапқан бірегей дарын иесінің шығармашылық мұрасы әлі талай буынды рухани нәрмен сусындататыны сөзсіз. Бұл – тұтас қазақ опера өнерінің шежіресінде аты алтын әріппен жазылатын тұлға ғұмыры.
Авторлары: Ернұр Рысбай, Айдос Қалиев, Эдуард Кон