Отандық киноның өрісі кеңейді: жаңа жобаларға мемлекеттік қолдау артып келеді

Фото: depositphotos.com

Қазақстанда ұлттық киноны дамыту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп жатыр. ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығында мемлекеттік қолдаумен түсірілген 6 фильм кең прокатқа шыққанын мәлімдеді, деп хабарлайды 24KZ.

Министрліктің мәліметінше, жаңа киножобаларға мемлекеттік қолдау көрсетіліп, отандық фильмдердің прокаты кеңейіп, анимация саласы дамып келеді.

Сонымен қатар қазақ киносының «Алтын қорын» сақтау жұмыстарына да тұрақты түрде назар аударылуда.

2026 жылдың алғашқы жартыжылдығында мемлекеттік қолдаумен түсірілген 6 фильм кең прокатқа шықты. Олардың қатарында «Гипноз», «Билет из рая», «Осенний бриз», «Құт», «Әбіл» және «Пряники для ее отца, моего прадеда, ее деда» деректі фильмдері бар, дейді ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі.

Деректі фильмнің еліміздегі кинотеатрларда кең прокатқа шығуы – ұлттық кино саласы үшін маңызды оқиға. Бұл деректі фильмдердің кең аудиторияға жол тартуына және авторлық жобалардың көпшілікке таныстырылуына мүмкіндік береді.

Жаңа киножобаларды жүзеге асыруға да басымдық беріліп отыр. Ұлттық киноны мемлекеттік қолдау орталығының көмегімен «Мұғалім» және «Кенжем қайда?» фильмдерінің жұмысы аяқталды. Қазір 23 киножоба әзірленіп жатыр, оның 21-ін жыл соңына дейін аяқтау жоспарланған. Сонымен қатар конкурстық іріктеу қорытындысы бойынша 18 киножоба мемлекеттік қолдауға ие болды.

Отандық анимацияны дамыту – саладағы басым бағыттардың бірі. «Қазақанимация» шығармашылық бірлестігінің питчингі нәтижесінде 10 анимациялық жоба іріктелді. Бұл балалар мен отбасылық контенттің сапасын арттырып, қазақстандық оқиғалар мен кейіпкерлерді заманауи анимация құралдары арқылы танытуға ықпал етеді.

Қазақ киносының «Алтын қорын» сақтау жұмыстары да жалғасуда. Жыл басынан бері «Возвращение сына», «До свидания, Медеу», «Звучит там-там», «Золотой рог» және «Песня зовет» фильмдері цифрландырылды. Ал «Алпамыс идет в школу» мен «Тревожное утро» картиналары қайта қалпына келтірілді.

Жыл басынан бері прокат куәлігін беру бойынша 1539 өтінім қаралып, оның 1344-іне арнайы куәлік берілді. Бұл жұмыстар кино саласындағы жұмысты жүйелеуге және заңнама талаптарының сақталуын қамтамасыз етуге бағытталған, деп қорытындылады министрліктің баспасөз қызметі.