Алматыда Канье Уэсттің концерті өтеді
Әлемге әйгілі Канье Уэсттің Алматыдағы концертіне 40 мыңнан аса көрермен келуі мүмкін. Америкалық рэпер бүгін Орталық стадионда өнер көрсетеді. Ауқымды шараға дайындық тамыз айының басында басталған.
Оған мыңдаған адам жұмылдырылды. Шоуға қажетті жабдықтар бірнеше жүк көлігімен жеткізілген. Концертті көру үшін шетелдерден өнерпаздың жанкүйерлері келіп жатыр.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл концерт Орталық Азиядағы ең ірі жобалардың бірі. Стадионға бұрын-соңды болмаған дыбыс жабдығы орнатылыпты. Концертке қажетті бұйымдар жеті жүк көлігімен жеткізілген. Алматыға Канье Уэстің техникалық тобынан 100-ге жуық маманы келген. Ал жалпы дайындық жұмысына 4000-нан аса адам жұмылдырылған.
Альфия Нұрғұмарова, ұйымдастырушы:
- Біз Канье Уестің техникалық командасынан оң баға алдық. Олар біздің қысқа уақыт ішіндегі жұмысымызға тәнті болды. Сондай-ақ концерт сахнасын жылдам құрастырған алғашқы ел екенімізді атап өтті. Дайындықты өзіміздің мыңдаған жұмысшымыз жасауда.
Кешелі бері Орталық стадионның маңында жүрген адам қарасы көп. Жанкүйерлер арнайы жейделерді алу үшін алдын ала жиылды. Тіпті ұзын-сонар кезек пайда болды. Олардың арасында әйгілі рэпердің шынайы жанкүйерлері жетерлік. Кейбіреуі оның шетелдегі концерттеріне арнайы барыпты.
Сұлтан Уахит, қала тұрғыны:
- Мен оның әндерін қатты жақсы көремін. Концертке билеп, көңіл көтеру үшін барғалы жатырмын. Әлемге әйгілі өнерпаздың Алматыға келгені өте жақсы болды. Сол арқылы концертін тамашалауға мүмкіндік алып отырмыз.
Концерт күні Орталық стадион маңындағы бірнеше көшеде көлік қозғалысы шектеледі. Дегенмен адамдар келіп-кету үшін тегін 60 қоғамдық көлік жүреді. Олар концерт аяқталғаннан кейін көрермендерді 6 бағыт бойынша тасымалдайды. Сондай-ақ метро да әдеттегіден ұзақ жұмыс істейді.
Сұлтан Қожабеков, қалалық Мобильділік басқармасының бөлім басшысы:
- Концерт күні метро жолаушылары көбейетіні анық. Сол себепті метрополитен жұмысы түнгі сағат 1-ге дейін ұзартылды. Қажет болған жағдайда түнгі 3-ке дейін жұмыс істеуі мүмкін. Сондай-ақ кешкі тоғыздан бастап «Байқоңыр» станциясы жұмысын тоқтатады. Сондықтан келушілерден «Абай» және «Мұхтар Әуезов» театры станцияларын пайдалануды сұраймыз.
Концертке келушілердің билеттерін тексеру сағат 16.00-де басталады. Көрермендерді кіргізу үшін 40 кіреберіс дайындалды. Ал қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында полиция стадион аумағы мен іргелес көшелерді патрульдейді.
Авторлары: Ернұр Рысбай, Абен Нарымбаев