Қазақ жерінен Кореяға: батыр рухына тағзым

Аты аңызға айналған корей қолбасшысы Хон Бом Доның сүйегі Қызылордадан тарихи Отанына жеткізілгеніне биыл 5 жыл толды.

Осыған орай Оңтүстік Кореяның Тэджон қаласында арнайы еске алу шарасы ұйымдастырылды. ХХ ғасырдың басында Кореяның тәуелсіздігі жолында күрескен батыр өмірінің соңғы жылдарын Қазақстанда өткізген. 

Тэджон қаласындағы Ұлттық зиратта жерлену құрметіне кез келген адам ие бола бермейді. Бүгінде мұнда өмірін қиған және бар күш-жігерін елге қызмет етуге арнаған 150 мыңға жуық адам жерленген. Солардың ішінде ең танымалдарының бірі – аты аңызға айналған қолбасшы Хон Бом Доның қабірі. Зиратқа жыл бойы келіп, зиярат етуге болады. Алайда мұнда келушілер саны әсіресе 15 тамызда – Кореяны азат ету күнінде артады.

Кореяның Азат етілген күнінде Хон Бом Доның рухына тағзым етуге ел Парламентінің депутаттары мен Тэджон қаласының мэрі келді. Зират аумағындағы залда қолбасшыға арналған әндер шырқалып, мюзикл үзінділері қойылды. Генерал рөлін сомдаған актер эмоциясын жасыра алмады.

Со Бом Сок, актёр:

- Ол өз елі үшін өзін құрбан етіп, біздің бүгінгі өмірімізді қалыптастырғаны үшін біз әрқашан зор алғысымызды білдіреміз. Егер ол болмағанда, не мен, не қазіргі Оңтүстік Корея Республикасы болмас еді. Сондықтан генерал Хон Бом Доның тәуелсіздік рухы әрқашан жүрегімізде.

Генерал Хонның ерліктері оңтүстіккореялық мектептердің тарих сабақтарында оқытылады. Тэджондағы жол және әскери кеме оның есімімен аталған. Айта кетсек, Қызылордада да Хон Бом До көшесі бар. Кореяда көптеген адамдар Қазақстанның бұл қаласын жақсы біледі, өйткені батырдың сүйегі дәл сол жерден әкелінген болатын.

У Вон Сик, Генерал Хон Бом До мемориалдық қоғамының басшысы:

- Бұдан бес жыл бұрын Қазақстанмен белсенді ынтымақтастықтың арқасында генерал Хон Бом Доның сүйегін отанына қайтарудың сәті түсті, бұл біз үшін үлкен бақ болды. Біз сіздің еліңізге алғыс айтамыз және Қорқыт ата атындағы мемлекеттік университетпен бірлесіп Қызылордада жастар білім алуы үшін IT сияқты болашақ өсуге қажетті бірнеше жаңа мамандықтар ашып, жасанды интеллект мектебін аштық. Біз бұл ынтымақтастықты дамытып, Қазақстанда Хон Бом До атындағы университетті құруды жоспарлап отырмыз.

1937 жылы қолбасшы Хон он мыңдаған корейлермен бірге Қазақстанға жер аударылды. Жергілікті тұрғындар қоныс аударушыларға аман қалуға көмектесті. Сондықтан Хон Бом До мемориалдық қоғамы тарихтың бұл беттерін мектеп бағдарламасына енгізуді жоспарлап отыр. Бұл аңызға айналған қолбасшының ерліктерін жақсырақ білуге ғана емес, сонымен қатар қазақ халқының мейірбандығын мәңгі есте сақтауға көмектеседі.

Авторлары: Владислав Цой, Ольга Лян