Алматыдағы Канье Уэст концерті қала экономикасына 5 млрд теңге әкелді

Фото: dailysabah.com

15 тамызда Алматыдағы Орталық стадионда өткен америкалық рэпер YE (Канье Уэст) концертіне 31 мыңға жуық көрермен жиналды, деп хабарлайды «24KZ».

Қала туризм басқармасының мәліметінше, концертті тамашалау үшін Алматыға 50-ден астам елден шамамен 7,7 мың турист келген. Оның 2 мыңға жуығы Қазақстанға арнайы концерт үшін келген шетелдік жанкүйерлер.

Концерт өткен 13-16 тамыз аралығында Алматыдағы қонақүйлер мен басқа да орналастыру орындарының орташа жүктемесі 98 пайызға жеткен.

Ведомствоның бағалауынша, шетелдік және ішкі туристер ағыны қала экономикасына шамамен 5 млрд теңге көлемінде әсер еткен.

«YE концерті Алматының туризм саласындағы биылғы маңызды оқиғалардың біріне айналды. Халықаралық деңгейдегі мұндай шаралар қалаға турист тартумен қатар, қонақүй бизнесі мен басқа да қызмет көрсету салаларының белсенділігін арттырады. Бұл Алматының ірі халықаралық жобаларды өткізуге мүмкіндігі жоғары екенін көрсетті», – деді туризм басқармасының басшысы Ғалия Тоқсейітова.

«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз