Алматыда «Самұрық-Қазына» қолдауымен Арт-зертхана ашылды

Кескіндеме, графика немесе сәндік қолданбалы өнер. Мұның барлығын Әбілхан Қастеев атындағы музейде меңгеруге болады.

«Самұрық-Қазына» қорының қолдауымен Алматыда «Арт-зертхана» жұмысын бастады. Іс-шараға «Самұрық-Қазына» қорының басшысы Нұрлан Жақыпов, Премьер-министрдің орынбасары - Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева мен қазақстандық өнер қайраткерлері қатысты.

Қордың бірыңғай қайырымдылық операторы «Самұрық-Қазына Траст» қаржыландыруымен ашылған зертхана кескіндеме, графика және сәндік-қолданбалы өнермен айналысуға арналған. Жиырма жылға жуық тарихы бар зертхана алғаш рет жөнделіп отыр. Мұнда 5 пен 17 жас аралығындағы балалар мен жасөспірімдер үшін шеберлік сабақтары, воркшоптар мен пленэрлер ұйымдастырылады. Музейдің цифрлық порталы әзірленіп, 3Д тур мен инклюзивті нұсқасы пайда болды.

Нұрлан Жақыпов, «Самұрық-Қазына» АҚ Басқарма төрағасы:

- «Самұрық-Қазына» қоры Әбілхан Қастеев музейіне бас демеуші ретінде жүйелі түрде қолдау көрсетіп жатыр. Біз жыл басында түбегейлі жөндеу жұмыстарын жүзеге асырдық. Одан басқа бүгін Арт-зертхан аштық.

Сондай-ақ «Самұрық-Қазына» қоры қазақ мәдениетін әлемдік деңгейде насихатталуына үлес қосуда. Алматыда зерттеушілер мен музыканттардан құралған Смитсон институтының өкілдері жұмыс істеп жатыр. Олар қазақтың дәстүрлі мәдениетімен танысып, жергілікті мамандармен бірге халықаралық аудиторияға арналған таныстырылым әзірлеуде. Себебі Қазақстан 2027 жылы Вашингтонда өтетін фестивальге қатысады.

Ребекка Фентон, Smithsonian institution festival директоры /АҚШ/:  

- Біз Алматыға америкалық музыканттарды жергілікті өнерпаздармен кездесіп, тәжірибе алмасу үшін алып келдік. Бір қызығы, екі елдің өнерінде біз ойлағаннан да көп ұқсастық бар екен.

Ал қазан айында «Самұрық-Қазына» қорының қолдауымен Қастеев музейінде Третьяков галереясының қорындағы туындылар көпшілік назарына ұсынылады. Айта кетейік, былтыр қор ғимаратта күрделі жөндеу жүргізіп, мұражайды жаңғыртқан болатын.

Авторлары: Бекзат Үшкемпір, Айдос Қалиев