Алматыда Майра Мұхамедқызының концерті аншлагпен өтті

Сахнада 30 жыл. Алматыда қазақ операсының көрнекті өкілі Майра Мұхамедқызының концерті аншлагпен өтті. Көрермен әншіні ыстық ықыласпен қарсы алды. Концертте опера өнерінің үздік классикалық туындылары мен халық әндері шырқалды, деп хабарлайды 24KZ.


Ернұр Рысбай, тілші:

— Тамаша дауыс иесі Майра Мұхамедқызы табиғи қуатты, ашық таза үнімен көрермендер жүрегін жаулап алды. 30 жылдан астам өнер жолында 50-ге жуық опералық қойылымға қатысып, 100-ге жуық қазақ халық әнін нақышына келтіріп орындап келеді. Көрермендермен бірге менде бүгінгі концертті тамашалап қайтайын. Опера жұлдызы Алматы сахнасына 15 жылдан кейін қайта оралды. Қала халқы да Майраның әндерінен сусап қапты. Залда ине шаншар орын болмады. Кеште Жордж Бизенің «Жүрегіңді аш» вокалдық шығармасы, Виктор Херберттің ««Italian Street Song»» ариясы, сонымен қатар Абайдың «Желсіз түнде жарық ай», Шәмші Қалдаяқовтың «Қайықта» және «Гүлдер-айым» сияқты шығармаларын орындады.

Майра Мұхамедқызы, Қазақстанның халық әртісі:

- Бұл концерттің ерекшелігі — мен опера әншісімін ғой, алайда бұл жолы эстрадалық-симфониялық оркестрмен бірге түрлі жанрдағы шығармаларды орындаймын. Репертуарда джаз, халық әндері, композиторлардың шығармалары және опералық туындылар бар. Менің ойымша, концерттің басқа кештерімнен ерекшелігі де осында. Концертте Шымкент опера және балет театрының хоры мен балет труппасы да өнер көрсетті.

Майра Мұхамедқызы өнерлі отбасында дүниеге келген. Әкесі – композитор, анасы – әнші. Алғашқы музыкалық білімін Бейжіңде алды. Кейін сондағы консерваторияда кәсіби шеберлігін шыңдады. 1994 жылы елге оралып, Алматыдағы Абай атындағы опера және балет театрының солисі атанады.

Гүлжазира Қаныбекова, қала тұрғыны:

— Қазақтың қоңыр дауысымен Парижді бағындырған, әлемге танылған Майра қызымызды тыңдап отырмыз. Әлі де алған әсерімнен арыла алмай отырмын. Концерттен керемет әсер алдық. Майра Мұхамедқызы — Париждегі «Опера Гарнье» сахнасында өнер көрсеткен алғашқы қазақ әншісі. Сонымен қатар ол АҚШ, Ұлыбритания, Түркия, Үндістан, Оңтүстік Корея, Германия және Венгрия елдерінде қазақ өнерін насихаттады. Бүгінде Майра Мұхамедқызы педагогикалық қызметін де қатар атқарып жүр. Қазір ол Шымкент қаласындағы Опера және балет театрына басшылық етеді.

Авторлары: Ернұр Рысбай, Мұхит Құдықбаев

Сондай-ақ оқыңыз: