XV халықаралық «Астана кештері» өнер фестивалі шымылдығын түрді
Елордада XV халықаралық «Астана кештері» өнер фестивалі ашылды.
Мерейтойлық маусымда әлемнің әр түкпірінен келген өнерпаздар бір сахнада өнер көрсетіп, көрерменге классикалық музыка мен жоғары өнердің сан алуан үлгісін ұсынады. Биылғы фестиваль бағдарламасында қандай туындылар бар?
Миллиондаған жанкүйерге таныс дауыс, бірнеше буынның жадында сақталған әндер. Фестиваль әйгілі американдық әнші Уитни Хьюстонның шығармашылығына арналған трибьют-шоумен ашылды. Оңтүстік Африкадан келген әнші Белинда Дэвидс аңызға айналған өнерпаздың танымал туындыларын «Астана Опера» театрының оркестрімен бірге орындады. Биылғы фестиваль ұйымдастырушылар үшін ерекше кезеңмен тұспа-тұс келіп отыр. DEGDAR гуманитарлық қорының құрылғанына - 25 жыл. Осы уақыт ішінде қор көптеген әлеуметтік, қайырымдылық және мәдени жобаларды жүзеге асырды. Ең ірі бастамалардың бірі «Астана кештері» фестивалі.
Лаура Ахметова, Degdar гуманитарлық қорының директоры:
- Біздің мақсатымыздың бірі - кез келген адам тамашалай алатын өнер фестивалін ұйымдастыру. Яғни бекзада өнер баршаға қолжетімді болуы керек. Осы уақытқа дейін фестивальге мыңнан астам өнерпаз қатысты. Көптеген шығармашылық ұжым елордамызға, фестивалімізге зор ықыласпен келді. Бүгінде фестивальдің беделі өте жоғары. Өнерпаздар оны кәсіби деңгейі үшін бағалайды.
Уитни Хьюстонның әндерін оркестрге лайықтап өңдеген итальян композиторы әрі дирижер Роберто Молинелли. Оның шығармашылық жолында Хосе Каррерас және Андреа Бочелли сынды әлемге әйгілі әншілермен бірлескен жобалар бар. Сондай-ақ ол танымал «Сан-Ремо» фестивалінде оркестрмен жұмыс істеді. Композитор үшін басты міндет – танымал әндерді симфониялық оркестрге бейімдеп, тыңдарманға жаңа қырынан жеткізу.
Роберто Молинелли, итальяндық композитор, дирижер:
- Бұл керемет фестиваль. Мұнда он жылға жуық уақыттан бері келіп жүрмін. Әр сапарым жаңа тәжірибе мен жарқын сәттерге толы болды. Әлемнің түрлі елдерінде, соның ішінде Қазақстанда да музыканттармен жұмыс істеу бақыты бұйырды. Қазақстандық орындаушылар кәсіби шеберлігімен ғана емес, жаңа тәжірибелерге ашықтығымен де ерекшеленеді. Олар классикалық шығармалармен қатар түрлі музыкалық жанрларды тоғыстыратын кроссовер жобаларына да қызығушылық танытып, өздерін әр қырынан сынап көреді.
Фестиваль бағдарламасы трибьют-шоумен шектелмейді. Алдағы күндері көрермендер опера өнерін, камералық музыканы және Қазақстан сахнасында сирек орындалатын шығармаларды тыңдай алады. Фестиваль аясында Қазақстан, Италия, Франция, Беларусь және өзге елдердің өнерпаздары бас қосады. Бұл музыканттар үшін жаңа аудитория алдында өнер көрсетіп қана қоймай, ерекше орындаушылық шеберлікті талап ететін туындыларды көпшілікке таныстыруға мүмкіндік ашады.
Ержан Құшанов, ҚР Мемлекеттік академиялық симфониялық оркестрінің алғашқы флейташысы, үрмелі аспаптар халықаралық академиясының негізін қалаушы:
- Бұл фестиваль елдегі маңызды әрі жарқын мәдени шаралардың бірі деп ойлаймын. Оның ерекшелігі - ұйымдастырушылар эстрада, опера және классикалық музыка саласындағы әлемдік жұлдыздарды шақырып, отандық музыканттарға солармен бір сахнада өнер көрсетуге мүмкіндік береді. Осылайша мәдени көпір қалыптасады. Фестивальдің ұйымдастырылу деңгейі де өте жоғары. Ұсақ-түйекке дейін мән беріліп, өнерпаздарға жан-жақты қолдау көрсетіледі.
Мерейтойлық халықаралық өнер фестивалі елордада 11 қазанға дейін жалғасады. 10 қазанда «Астана Опера» сахнасында Non-Stop OPERA шоуы ұсынылады. Бағдарламаға әр дәуірдің опералық жауһарлары, соның ішінде сирек орындалатын туындылар енген. Премьерадан кейін қойылымды театрдың тұрақты репертуарына енгізу жоспарланып отыр. Ал 11 қазанда фестиваль аясында Беларусь дирижері Евгений Бушковтың жетекшілігімен Barocco камералық музыка кеші өтеді. Концертте Қазақстан мен Франция музыканттарының орындауында Вивальди, Бах, Гендель және Марчеллоның шығармалары шырқалады.