Мәдени мұраның интерактивті картасы әзірленіп жатыр
Елде мәдени мұраны сақтап, оны насихаттаушылардың интерактивті картасы әзірленіп жатыр. Жоба әзірге Шығыс Қазақстан, Атырау, Қарағанды, Қызылорда және Жетісу облыстарын қамтиды. Қазір Қазақстандағы ЮНЕСКО және ИСЕСКО жаһандық ұйымының өкілдері аймақтарды аралап жүр. Ғалымдар бірегей салт-дәстүр мен ғұрыптарды жадында сақтап, оны ұрпаққа жеткізіп жүрген жандармен сұхбаттасады, деп хабарлайды 24KZ.
Шыңғыс Қалиден, тілші:
– Қазақстанның материалдық емес мәдени мұрасының интерактивті картасына 600-ден аса салт-дәстүріміз және өнерді дәріптеушілер мен қауымдастықтар енгізілген. Соның 150 шақтысы Жетісу өңірінен ұсынылды. Негізінен музыкалық, ауыз әдебиетінің шығармалары, ұлттық ойындар, қолөнер түрлері кеңінен қамтылған. Бастамашыл топ ендігі кезекте осы баға жетпес мәдени мұраны сақтап қалудың тиімді жолдарын табуды мақсат етіп отыр.
Зубайда Қабиқызы, Жошы ұлысын зерделеу институтының бас ғылыми қызметкері:
– Материалдық емес мәдени мұраны қорғау туралы арнайы заң әзірлеу қажеттілігі өзекті болып отыр. Осы заң аясында материалдық емес мәдени мұраны жеткізушілердің мәртебесін айқындап, оны заң жүзінде бекіту қажет. Бұл дәстүрлі білім мен қолөнерді, сондай-ақ өнер түрлерін ұстанушыларға өз шеберлігін сақтауға, дамытуға және келесі ұрпаққа жеткізуге мүмкіндік береді.
Рустам Музафаров, ҚР Материалдық емес мәдени мұраны қорғау жөніндегі ұлттық комитеті төрағасының орынбасары:
– Біз бұл мұраның мәдениетіміздің ажырамас бөлігі екенін зерттеп, дәлелдеп, қоғамға танытуымыз керек. Оны іс жүзінде қолдану мен дамыту жолдарын білетін, ұлттық құндылығымыз деп бағалайтын, кеңінен насихаттап, ұрпақтан ұрпаққа жеткізуге үлес қосатын адамдардың бар екенін көрсетуіміз қажет. Осы мақсатта арнайы бағдарлама әзірлеу керек.
Ел аумағындағы 14 материалдық мәдени мұра ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұралар тізіміне енгізілген. Соның 12-сі Жетісу облысында. Енді өңір атынан «Ашамайға мінгізу» дәстүрі мен «Аударыспақ» ойынын төл өнеріміз ретінде халықаралық ұйымға ұсыну жоспарланып отыр. Бұл бастама ұлтымыздың бай мәдени мұрасын халықаралық деңгейде танытуға, сақтауға және келешек ұрпаққа жеткізуге мүмкіндік береді.
Бүркітбай Файзолла, «Жетісу саятшылары» ұлттық спорт түрлері федерациясының президенті:
– Құсбегілік жалпы қазақ ұлтының материалдық емес құндылығы деп танылды. Құсбегіліктен басқа аңшылықтың әр түрі бар. Мысалы, тазымен аң аулау, садақпен, қақпан мен тұзақпен деген сияқты. Аң аулаудың әртүрлі көріністерін бір жерге топтастырып, қазақтың ұлттық дәстүрін, бекзат өнерін дамытуға бағытталған іс-шара болмақ. Биылғы жылы Салбурынды материалдық емес құндылықтарына кіргізуді мақсат етіп отырмыз.
Жалпы ұлттық салт-дәстүрге деген құрметтің бір көрінісі ретінде облыс орталығында – «Ұрпаққа аманат: дәстүр сабақтастығы» фестивалі өткізілді. Бірнеше бағытты қамтыған шара аясында киіз үй жасау, тігу және безендіру бойынша шеберлік сабағы өткізілді. Сонымен қатар спорттық ойындардан жарыс ұйымдастырылып, көпшілік назарына қолөнер бұйымдары мен ұлттық тағамдар көрмесі ұсынылды. Театрландырылған қойылым мен ұлттық киімдер көрсетіліп, шырқалған әсем ән де фестивальдің сәнін кіргізді.
Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Қуаныш Түргенбаев