Ақтөбеде «Халық қатысатын бюджет» бойынша 80 жоба жүзеге асты

Биыл Ақтөбеде «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы бойынша 80 жоба жүзеге асты. Қаланың белсенді тұрғындары билікке көшелерді безендіріп, аулаларды абаттандыруға ұсыныс жасаған. Нәтижесінде ойын алаңдары салынып, қараусыз қалған жерлерде қоғамдық демалыс орындары пайда болды, деп хабарлайды 24KZ.

Облыс орталығындағы көпқабатты мына үйлердің ауласы бұрын көлік тұрағы болатын. Тұрғындардың көлігін айтпағанда, жақын маңдағы мектепке келіп-кететін жүргізушілер де осы жерге тоқтайтын. Салдарынан үлкендердің тынығып, балалардың ойнайтын жері қалмаушы еді. Осылайша, тұрғындар түйткілді мәселенің шешімін табудың жолын іздеген.

Лариса Габерлинг, мүлік иелері бірлестігі төрағасы:

– Өзге аулаларда абаттандыру жұмыстары жүргізіліп жатқанын көріп, қызығушылық таныттым. «Біздің ауланың қандай кемшіліктері бар?» деп сұрастыра бастадым. Тұрғындардың өтініштерін ескеретін «Халық қатысатын бюджет» жобасы бар екенін біліп, оған қатысуға бел будық. Алайда бірінші жылы сәл кешігіп қалдық. Ал биыл құжаттарды алдын ала дайындап, жобаға қатыстық.

Нәтижесінде 300-ден астам пәтері бар көпқабатты үйлердің ауласында ойын және футбол алаңы салынды. Жаяу жүргіншілер жолы төселіп, аулаға электр жарығы тартылды. Жоба құны – 32 млн теңге. Жергілікті әкімдік бюджеттен қаржы бөліп, мердігерді анықтады. Сонымен қатар көрші орналасқан мектеп әкімшілігімен автотұрақ мәселесі жөнінде мәмілеге келді.

Эльмира Өтегенова, қала тұрғыны:

– Біз көршілерімізбен жиналып, бәрін талқылап, аудан әкіміне жүгіндік. Өтінішіміз ескеріліп, міне, ауламызда осындай керемет алаң пайда болды. Балаларымыз енді алаңсыз әрі қауіпсіз ойнай алады. Қазір кез келген мәселені шешуге болады деп есептеймін. Көкейіңіздегі сұрақты қойып, жауап алуға мүмкіндік беретін түрлі платформалар өте көп.

Баянбек Қырықбаев, Ақтөбе қ. Астана ауданының әкімі:

- Бұл жобаның негізгі мақсаты – тұрғындардың өздеріне қажетті абаттандыру мәселелерін шешу. Тұрғындар балалардың қажеттіліктерін ескере отырып, өздері тұратын аумақты абаттандыру мәселелерін жиі көтереді. Мердігерлердің жұмысын жоба авторлары ретінде тұрғындардың өздері бақылап, тексереді. Тұрғындар жұмыстың нәтижесіне көңілі толып, ризашылығын білдіргеннен кейін ғана нысанды қабылдау жұмыстары жүргізіледі.

Аталған шағын аудан тұрғындары көтерген тағы бір мәселе Мәншүк Мәметова көшесінің бойындағы қараусыз қалған жер учаскесі болатын. Қараусыз тұрған бұрышты жергілікті билік демеушінің көмегімен абаттандырды. Жалпы биыл Ақтөбеде «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында 80-ге жуық жоба жүзеге асты.

Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков

Сондай-ақ оқыңыз: