Ауыл мен қала тұрғындары мәдени игіліктерге тең қол жеткізуі керек

фото: кадрдан

Қазақстанда шалғай елді мекендердің тұрғындарына мәдени шараларды қолжетімді ету үшін «Халық әуені» жобасы жүзеге асырылып жатыр. Оның аясында белгілі өнерпаздар мен кәсіби шығармашылық ұжымдар өңірлерді аралап, концерттер ұйымдастырады. Бұдан бөлек, елдің бірнеше қаласында жаңа театрлар салу және қолданыстағы мәдениет ошақтарын жаңғырту жұмыстары қолға алынған. Бұл туралы ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Мәдениет комитеті төрағасының орынбасары Шерхан Талапов 24KZ телеарнасына берген сұхбатында айтты.

Министрлік өкілінің сөзінше, мәдениеттің қолжетімді болуы – саланың негізгі міндеттерінің бірі. Әсіресе ауылдағы балалар мен жастардың өнерге араласуына, шығармашылық қабілетін дамытуына жағдай жасау маңызды. Осы мақсатта мәдениет мекемелерінің материалдық-техникалық базасы жаңартылып, шалғай өңірлерге концерттік бағдарламалар ұйымдастырылып келеді.

Ауылдағы халық та мәдени игіліктерге қала тұрғындарымен тең дәрежеде қол жеткізуге тиіс. Өңірлердегі мәдениет ошақтары – жергілікті халықтың рухани тірегі. Балалар мен жастардың талантын ашуға, шығармашылықпен айналысуына мүмкіндік береді. Сондықтан біз шалғайдағы елді мекендерге де өнерді жеткізуге басымдық беріп отырмыз, – деді Шерхан Талапов.

Оның айтуынша, кейінгі жеті жылда елде 312 мәдени нысан салынып, пайдалануға берілген. Олардың қатарында мәдениет үйлері, ауылдық клубтар, театрлар, кітапхана-музейлер мен руханият орталықтары бар. Бұдан бөлек, 771 мәдени нысан күрделі жөндеуден өтіп, материалдық-техникалық базасы жаңартылған.

Театр инфрақұрылымын дамыту да күн тәртібінде. Қазір Шымкент, Қонаев, Ақтөбе, Көкшетау және Семей қалаларында жаңа театрлар салу жұмыстары басталған. Астана, Жезқазған және Тараз қалаларындағы жобалар да пысықталып жатыр. Ал Ұлытау облысында Серке Қожамқұлов атындағы театрды «Қазақмыс» компаниясымен бірлесіп реконструкциялау жұмыстары жүргізілуде.

Мәдени нысандар жай ғана ғимарат емес. Олар ұлттық құндылықтарымызды ұлықтайтын, рухани сабақтастықты сақтайтын, жастардың бойына отаншылдық қасиеттерді сіңіретін үлкен қоғамдық орта. Сондықтан бұл жұмысты тек салынған ғимараттардың санымен өлшеуге болмайды. Ең бастысы – халықтың рухани сұранысын өтеу, – деді комитет төрағасының орынбасары.

Мәдени мекемелерді жаңғыртуға «Қазақстан халқына» қоры да үлес қосып келеді. Қордың қолдауымен 17 өңірдегі 34 мәдени нысанды жөндеу жұмыстары жүргізілген. Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан және Ұлытау облыстарындағы бірқатар мекеменің техникалық базасы нығайтылған.

Жаңа театрлар салумен қатар, қолданыстағы ғимараттарды жаңарту да назарда. Мәселен, Наталья Сац атындағы театр жаңа ғимаратқа көшіп, тарихи келбетін сақтай отырып, жарық және техникалық жабдықтарын жаңартқан. Мұнда 260 орындық жаңа сахна ашылған.

Сондай-ақ оқыңыз: