Анкарадағы Қазақстан көшесі – достықтың нышаны

Еліміз Тәуелсіздігін жариялағалы алғашқылардың бірі болып егемендігімізді таныған – Түркия. Биыл Астана мен Анкара арасындағы дипломатиялық қатынасқа 34 жыл. Осы уақыт ішінде екі елдің саяси байланысы нығайып, мәдени-гуманитарлық ынтымақтастығы да жаңа мазмұнмен толысты, деп хабарлайды 24KZ.

Бүгінде Анкарада Қазақстанмен сабақтас мәдени нысандар бой көтеріп, қазақтың ұлы тұлғалырының есімі Анкара көшелеріне берілген. Соның айқын дәлелі – Түркияның бас қаласындағы Қазақстан көшесі.

Әсия Нұрлыбаева, тілші:

- Анкараның Бахчелиэвлер ауданындағы Төртінші көше бүгінде Қазақстан деп аталады. Бұл атау ресми түрде 2004 жылы берілді. Сөйтіп Анкара қаласының картасында тәуелсіз Қазақстанның атауы пайда болды. Түркияның біздің елге деген құрметін осыдан-ақ аңғаруға болады.

Әсия Нұрлыбаева, тілші:

- Көшенің бойындағы ерекше нысан – домбыра ұстаған мына қазақ қызының мүсіні. Мұны 2001 жылдың қазанында Астана Анкара қаласына тарту еткен. Қазақтың ұлттық киімін киген қыз бейнесі мен қолындағы домбыра халқымыздың болмысы мен бай мәдениетін танытады. Бүгінде бұл мүсін Қазақстан көшесіне ерекше реңк беріп, өзіндік келбетін айшықтап тұр.

Фырат Пурташ, Халықаралық қатынастар бойынша сарапшы, профессор:

- Қазақстан дегенде түрік халқының ойына ең алдымен бауырластық, тарихи тамырластық оралады. Бізді байланыстыратын ортақ мәдени мұра, ата-бабамыздан қалған аманат, тіліміз бен құндылықтарымыз бар. Сондықтан Қазақстанға Түркияда өзін таныту үшін арнайы қоғамдық дипломатия жүргізудің аса қажеті жоқ. Өйткені түрік жұрты қазақ мәдениетіне ерекше қызығады. Мәселен, Анкарадағы Қазақстанға қатысты көше атаулары мен саябақтардың да түрік қоғамында орны ерекше. Қазақстан көшесінің бойындағыдомбыра ұстаған қазақ қызының ескерткіші – көркемдік және эстетикалық тұрғыдан өте құнды туынды. Астананың сәулеттік келбеті мен мәдени мазмұнын байытуға қосқан үлесі зор.

Әсия Нұрлыбаева, тілші:

- Иә, көше атауының Қазақстан болып өзгеруі жай ғана географиялық атау беру емес. Бұл – тәуелсіз елімізге көрсетілген құрметтің, екі мемлекетарасындағы саяси жақындық пен тарихи тамырластықтың символдық көрінісі. Ал бұл атаудың тарихы мен мәнін көше тұрғындары қаншалықты біледі? Соны өздерінен сұрап көрейік.

 Әсия Нұрлыбаева, тілші:

- Қазақстан көшесі – екі ел арасындағы уақыт сынынан өткен мызғымас достықтың белгісі. Бір атаудың астарында қос елдің бауырластығы мен еліміз Тәуелсіздік алғалы қалыптасқан дипломатиялық достығы тоғысып жатыр. Сондықтан болар бұл көше жергілікті тұрғындарғаелімізді танытып, екі халықтың жақындығын күн сайын еске салып тұрады.

Авторы: Әсия Нұрлыбаева

Сондай-ақ оқыңыз: