Түркияда бірнеше саясаткер мен қоғам қайраткеріне «Абай» медалі табысталды

Ұлы ақынның 175 жылдық мерейтойын Анадолы жерінде жоғары ұйымдастырып, мазмұнды атап өткен мемлекеттік және жергілікті әкімшілік өкілдері де марапатталды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Телеарна мен үкіметтік емес ұйым басшыларына да құрмет көрсетілді.

Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойы Түркияда жоғарғы деңгейде атап өтілді. Жыл бойы Хәкімнің мұрасы ұлықталып, тағылымды шаралар ұйымдастырылды. Ірі шаһарлардан бөлек, кіші кенттердегі саябақ пен даңғылдарға ақынның есімі беріліп, ескерткіштері бой көтерді. Сондай-ақ ойшылдың шығармалары түрік тіліне аударылып, өмірі жайлы кітаптар жарық көрді. Жуырда осы бастамалардың авторлары мен елді мекен басшылары Анкарада марапатталды.

Халықаралық түркі мәдениеті ұйымының «Абай» мерейтойлық медалін алғандар қатарында саясаткерлер, зиялы қауым өкілдері мен ғылым мен өнерде жетістікке жеткен жандар бар.

Ялчын Топчу, Түркия президентінің бас кеңесшісі:

– ЮНЕСКО-ның 1995 жылды Абай жылы деп атауы кездейсоқ емес. Себебі оның шығармалары күллі адамзат құндылықтарына ортақ. Түбі бір түркі жұртының ЮНЕСКО-сы ТҮРКСОЙ-дың да 2020-ны Абай мұрасын насихаттау жылы деп жариялағанына алғыс айтамын.

Сердар Чам, ТР мәдениет және туризм министрінің орынбасары:

– Ортақ тарихымыз, ортақ атамыз, мөлдір бұлағымен сусындайтын тұлғаларымыздың бірі – Абайдың 175 жылдығына орай бас қосып отырмыз. Түркістан мен Қожа Ахмет Яссауидің отанын, рухани байлығын төрткүл дүние білуі тиіс. Сондықтан министрлік халқымыз бен жастарымыздың Абайды тануы үшін барлық жағдай жасайды.

Абай мұрасын насихаттауға үлес қосқандар қатарында Анкараның Кечиөрен ауданының мэрі Тургут Алтынок та бар. Осы ауданда қазақтың ақын-жазушылары, жыр алыптары мен мемлекет қайраткерлерінің есімімен аталған мекендер көп. Алтыноктың айтуынша, Абай ескерткіші Анкарада алғаш рет осыдан ширек ғасыр бұрын Анкарада бой көтеріпті.  

Тургут Алтынок, Кечиөрен ауданы мэрі:

– Абайға ескерткішті осыдан 25 жыл бұрын қойдық. Бұдан бөлек, Мағжан Жұмабай, Жамбыл секілді қазақтың көрнекті өкілдерінің есімі саябақ, көше мен алаңдарға берілген. Ататүрік былай дейді, «Ей түрік ұлты, ата-бабаларыңды білсең, үлкен жетістікке жету үшін қуат аласың». Сондықтан ортақ мәдениетімізді дәріптеп, жастарымызды осы жолмен тәрбиелеу керек.

«Абай» атындағы медаль түріктің «TRT Avaz» телеарнасының директоры Седат Сағыркаяға берілді.

Моңғолиядан бастап, Балкан түбегіне дейінгі 300 миллион көрерменді қамтитын арнаның Абай мұрасын насихаттауда үлесі зор. Тіпті 2020 жылдың басында Абайдың 175 жылдық мерейтойы TRT Avaz арнасында тікелей эфирде көрсетілді. 

Седат Сағыркая, TRT AVAZ арнасының директоры:

– 2020 жылы Абай жылы деп жарияланғаннан кейін ТҮРКСОЙ, Түркі Академиясы, Қазақстан Елшілігі және Еуразия жазушылар одағымен бірге бірқатар жобаны жүзеге асырдық. Абай жылының ашылуын ұйымдастырып, ақынның өмірі мен шығармаларына арналған деректі фильм түсірдік. Арнамыз мұнымен шектелмейді. Алдағы күндер де Абайға арналған ерекше бағдарламалардың тұсауы кесіледі.

Абай жылы аясында әлемнің бірқатар мемлекеттерінде түрлі шаралар ұйымдастырылды. Дегенмен, Түркияның ресми мекемелері мен халық арасында Абай мұрасы ең жоғарғы деңгейде дәріптелді. Осылайша, туыстас ел - түркі дүниесіне деген ұстанымын тағы бір рет паш етті дейді ТҮРКСОЙ ұйымының бас хатшысы Дүйсен Қасейінов. Расында да бір жыл барысында Абай брендін Түркияда қалыптастыру тұрғысында елеулі жұмыстар атқарылғанын атап өту керек.  

Авторлары: Меруерт Қанағат, Гөкальп Йамен