Түркістанда театр дауы өршіді

Түркістанда театр дауы өршіп тұр. Райымбек Сейтметов атындағы облыстық сазды драма театр әртістері әкімдікке өкпелі. Өйткені мәдениетке жауаптылар жаңа өнер ордасының іргетасы қалана бастағанда қызметкерлерге сонда көшесіңдер деп уәдені үйіп-төккен көрінеді. Енді жаңа нысан құрылысы толық аяқталғанда онда басқа ұжымның жайғасатыны айтылған. 

Райымбек Сейтметов атындағы Түркістан облыстық сазды драма театры рухани шаһардағы алғашқы театр. Ғимараты өткен ғасырдың 40-жылдары теміржолшылардың киноклубы ретінде салынған.

1995 жылы туған өлкесі Түркістанға келген Қазақстанның Еңбек сіңірген әртісі, профессор Райымбек Сейтметов алғашында Халықаралық қазақ-түрік университетінен өнер факультетін ашып, шәкірт тәрбиелеген. Кейін 2000 жылы осы ескі ғимаратты күрделі жөндеуден өткізіп, театр ашқан. Содан бері Түркістан театры шығармашылық өркендеу үстінде. Алайда ғимарат шағын, әрі көне болғандықтан бүгінгі заман талабына сай келмейді. Сахнасы да, залы да. Жақында қалада заманауи жаңа театр бой көтерді. Театр әртістерінің қуанбағаны қалмаған. Бәрі риза. Себебі оларға облыстық мәдениетке жауаптылар «жаңа театрдың іргетасы қаланғаннан сендер сонда барасыңдар, өнерлеріңді одан әрі дамытасыңдар» деп уәде берген екен. «Алайда жаңа ғимарат біткенде онда басқа сырттан басқа труппаның келетінін естідік», - дейді әбден ашынған артистер. 

Нұржан Ізтаев, театр артисі:

- Әлі құрылмаған белгісіз театр жаңа ғимаратта отырып, 20 жыл еңбегі сіңген театр ескі театрда отыру керек пе? Осындай заңдылық па? Адами тұрғыда дұрыс емес қой енді? Бізді қоя беріңізші, Райымбек ағайымыздың есіл еңбегі далада қалды. Неге сол театр ашқыштар Түркістан гүлденбей тұрғанда келмеді? Осыдан 10 жыл бұрын келіп өздерін дәлелдесе, біз таласпас едік. 

Ғалымжан Жакипов, театр артисі:

- Нұр-Сұлтан қаласында театрға жаңа ғимарат салынып, оған Қалибек Қуанышбаевтың есімі берілді. Ұжымы толық көшіп барды. Шымкентте де солай болды. Жаңа ғимарат салынып, ол жерге Шанин театры көшіп барды. Енді біздің айтатынымыз Түркістанға да театр салынды. Ол жерге неге біздің ұстазымыздың аты берілмейді, неге біздің ұжым бармайды? Бұған не кедергі? 

Театр ұжымын ашындырған тағы бір мәселе – ол театр мәртебесінің өзгеруі. Бұрын сазды драма театр болса, енді балалар мен жасөспірімдер немесе қуыршақ театры болмақ. Бұл да әртістердің намысына тиіп отыр. 

Бағлан Төлендиев, театр артисі:

- Біздің статусымызды, музыкалық дегенді алып тастап жатыр. Ол біздің дәрежемізді түсіру деп білемін. Мысалы, сіз халық әртісісіз, сізге барады да: «сізден халық әртісін аламыз, сіз мәдениет қайраткері бола салыңызшы» деп тұрған сияқты. 

Айдар Наурызбаев, театрдың көркемдік жетекшісі:

- Бізден музыкалық мәртебемізді алып қоятындай біз аттестациядан өте алмай қалдық па? Кәсібилігіміз төмен дейтіндей бір жағдайлар болды ма? Мұның бәрі бізді бір бәсеңдетіп, төмендеткісі келгендердің көзқарасы шығар. 

Түркістанда енді ашылғалы жатқан жаңа театрға қатысты шу бұған дейін де әлеуметтік желі де қызу талқыланған болатын. Бірақ одан ештеңе өзгермеді. Біз осы мәселеге қатысты облыстық мәдениет басқармасының басшысы Әзімхан Қойлыбаевтан мән-жайды түсіндіріп беруін сұрадық.

Әзімхан Қойлыбаев, облыстық мәдениет басқармасының басшысы:

- Басында театр салынып жатқанда директорына айтатынмын, басын барып көргін. Өйткені құрылыс жүріп жатқанда қай бөлме қандай болу керектігін мамандар өздері айтып отыру керек ғой. Сол бойынша олар құрылысшыларға кеңес беріп отырды. Бізде уәде облыста жаңа театр болады, онда жаңа труппа болады. Мұндағы біраз артистер сонда ауысады деген уәде болған. 100 процент сізде барып отырасыздар деген уәде болған емес.

Жаңадан салынған қалалық сазды драма театры осы айдың соңына қарай ашылады деп жоспарлануда. Ал Райымбек Сейтметов атындағы облыстық  театрдың мәртебесі қалай өзгеретіні әзірге белгісіз күйінде қалып отыр.

Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Самат Нағашбекұлы