Әлемнің 150-ден аса елінде Димаш Құдайбергенге қолдау көрсететін 200-ден аса фан-топ бар

Inform.kz

24 мамыр – Димаш Құдайбергеннің туған күні.

27 жасқа келетін әнші қазақтың атын әлемге танытып, ғажайып дауысымен тыңдарманын тәнті етіп жүр. Халықаралық ән байқауларының жеңімпазын дүниенің әр түкпіріндегі жанкүйерлері құттықтап жатыр. Өнер иесіне отандастары да құрмет көрсетті.

Бұл – Димаш Құдайбергеннің алматылық жанкүйерлері. «Dimash Salem» деп аталатын фон-топ 2017 жылы құрылған. Қазір топтың әлеуметтік желідегі парақшасына 31 мыңнан астам адам жазылыпты. Димаш десе, ішкен асын жерге қоятын жанкүйерлер әншінің гастрольдік сапарын қалыс қалдырмайды. Мысалы, Шолпан Табаева өнер иесінің сегіз концертінде болған. Яғни АҚШ, Ұлыбритания, Ресей және Қытайда өткен кештеріне қатысқан.

Шолпан Табаева, Димаш Құдайбергеннің жанкүйері:

- Біз Димашқа әлеуметтік желі арқылы тұрақты қолдау көрсетеміз. Мысалы, өзіміздің жеке парақшаларымыз арқылы немесе фан топтың парақашасы арқылы әншінің өмірінен тыңдарманды хабардар етіп отырамыз. Қазақстанға қызығушылық білдірген өзге жанкүйерлерге еліміздің дәстүрі, табиғаты және өмірі жайлы апқарат береміз. Димаш өте білімді, сауатты, мәдениетті адам. Сондықтан да жанкүйерлері күн сайын көбейіп жатыр.

Жанкүйерлерінің айтуынша, әлемнің 150-ден аса елінде Димаш Құдайбергенге рухани қолдау көрсететін 200-ден аса фан-топ ашылған. Тіпті отандасымыздың өнеріне тұрақты қолдау көрсететін телеарналар мен радиолар бар. Мысалы, польшалық радио Димаштың әндерін әуе толқынында әуелетіп, әншінің өмірі мен Қазақстан туралы әртүрлі бағдарламалар жүргізеді екен. Ал Чили Республикасында отандасымызды тәулік бойы көрсететін телеарна жұмыс істейді, дейді жанкүйерлер.

Шакира Жүнісова, Димаш Құдайбергеннің жанкүйері:

- Димаштың арманы – музыка саласындағы ең үздік жүлде «Гремми» алу. Менің ойымша, ол барлық жүлдеге лайық. Біз Димаштың керемет дауысы әлемдегі әрбір адамға танымал болса екен дейміз. Сондықтан әншіні әлеуметтік желіде жиі жарнамалап, концерттеріне қалдырмай барамыз. Мен төрт концертте болдым. Бүгін Димашты туған күнімен құттықтау үшін жиналып отырмыз.

Димаш Құдайберген 1994 жылы 24 мамыр күні Ақтөбеде Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткерлері Қанат Құдайберген мен Светлана Айтбаеваның отбасында дүниеге келген. Ол алғаш рет 6 жасында «Айналайын» Республикалық байқауында топ жарған. Одан кейін «Жас Қанат», «Славян базары» сайыстарының жеңімпазы атанды. Өнерпаздың жұлдызы 2017 жылы Қытайда өткен халықаралық «I’am singer» жобасында жанды. Өнер иесі содан бері әлемнің алпауыт сахналарында өнер көрсетіп, ғажайып дауысымен тыңдарманды тәнті етіп келеді.

Аршын Кемелжан, Эдуард Кон