Оңтүстік Кореяда 500 долларға киіз үйде демалуға болады

Чеджу аралында 16 киіз үйден тұратын ауыл пайда болды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Рас, әдеттегі үйлер де бар. Бірақ олардың көбі бос тұр, өйткені туристердің көпшілігі көшпенді елдің табиғатын түсінуді қалайтын секілді. Киіз үйлерді таңдайды.

Владислав Цой, тілші:

– Шағын қалашықта киіз үйлермен қатар заманауи баспаналар бар дедік қой. Алайда саяхатшылар қазақтың тарихына қызығушылық білдіріп, киіз туырлықтысына құмартады. Чеджу аралында үнемі жел соғады ғой. Қараша үйдің ішінде желдің ызыңы да естілмейді.

Ким Сон Ги, басқарушы компанияның бөлім басшысы:

– Мұнда киіз үйлер тұңғыш рет тігілді. Көптеген туристер оларды бірінші рет көріп отыр. Моңғолия мен Қазақстанда осындай үйлер бар екенін тек саяхатқа арналған телебағдарламалардан естіп білді. Сондықтан туристер тарапынан зор қызығушылық бар. Біздің кешен көркем жерде орналасқан, барлық жағдай жасалған. Сол үшін халықтың арасында танымал деп ойлаймыз.

Киіз үйде тұру бағасы – тәулігіне шамамен 500 доллар. Бір бөлмені 5 есе арзан жалға алуға болатындығын ескерсек, бұл қымбат. Басқарушы компанияда бағаны әділ деп санайды, өйткені осында 4 адамға тұруға болады. Бұл сомаға олар минералды сумен толтырылған бассейнді пайдаланып, квадроциклге отыра алады.

Ким Дже Син, басқарушы компанияның аға менеджері:

– Осындай киіз үйлерді жобалау кезінде біз көптеген материалдарды зерттедік. Дизайнды американдық компания жасады. Көптеген қонақтар бұл дәстүрлі моңғол тұрғын үйі деп ойлайды. Ал біз оларға бұл Орталық Азияның киіз үйлері деп жауап береміз. Мен өзім Қазақстанда болған емеспін. Бірақ мен қазақтардың бізге өте ұқсас екенін білемін. Онда корейлердің 3 ұрпағы тұрады. Географиялық жағынан өте алыс болғанымен, тіліміз бен сыртқы келбетіміз ұқсас. Ертеде біз бір халық болған шығармыз.

Киіз үйдің танымал болуына коронавирус та әсер етті. Дәрігерлер әлі күнге дейін шетелге шықпауға кеңес береді. Сондықтан көптеген оңтүстіккореялықтар демалыстарын елдің ең үлкен аралында өткізеді. Киіз үйде болу олар үшін Қазақстан мен Моңғолияға сапар мен бірдей. Сонымен қатар Чеджу аралында жылқы етінің дәмін көруге және атқа мінуге болады. Сондықтан қазан айынан бастап бұл ауылға келушілер атқа мініп, экзотикалық тағамдармен танысады. Басқарушы компания киіз үй қалашығының тұрғындарының мәзіріне қазақтың ұлттық тағамдарын қосу мүмкіндігін зерттеп жатыр.

Авторлары: Владислав Цой, Ольга Лян, Хабар 24