Қазақстанның мәдениет саласына тың өзгерістер қажет

Мәдениет саласына тың өзгерістер керек. Министр Дәурен Абаев ведомствоның бүгін өткен алқа жиынында осылай деп мәлімдеді. Саладағы қордаланған көптеген проблема айтылды. Республиканың әр бұрышынан жиылған мәдениет саласының қызметкерлері ауыл-аймақтағы мәселенің бәрін жеткізді. Министр де өз жауабын айтты.

Мәдениеттегі біраз мәселе көтерілді. Саланың кенжелеп қалғанын қазанында қайнап жүргендер қадап айтты. Уәкілетті министрге бірнеше ұсыныс та түсті. Барлығын мазалайтын бір тақырып бар. Сала қызметкерлерінің еңбекақысы мардымсыз. 60 мыңның айналасында ақша табатындар ашынып, қызметінен кетуге мәжбүр екенін айтып ағынан жарылды.

Арайлым Мамырбекқызы, Алматы облысы Қаракемер ауылдық мәдениет үйінің директоры:

- Біліктілікке сай зерттеуші-педагог категория бойынша 400 мыңға жуық жалақы алады. Ал енді 16 сағат емес, біздікі 40 сағатқа бойлайды екен. Өйткені 5 күндік мөлшерде нормативтік типтерге сәйкес емес. Өте аз қаражат жүйесі қалыптастырылған. Оның үстіне бізде директорларда категория қосылмайды. Тек директор болған стажы есептеледі. Сонда мәдениетте істеп жатқан бұрынғы жылдарымыз қайда кетті? Ең аз жалақы кіші қызметкерлерде 62 мың теңге. 

Сол себепті болар, ауыл-аймақтағы мәдени ошақтарға жастарды тарту қиын болып тұр. Өңірлерде жалақы жыры көлденеңінен тұр. Дәурен Абаев саладағы қордаланған проблемалардан хабардар екенін айтты. Рет-ретімен шешуге тырысатынын жеткізді.

Дәурен Абаев, ҚР Мәдениет және спорт министрі:

- Мәдениет саласында жан-жақты қарау керек. Өсіп келе жатыр. 2021 жылы 25 процентке өсті. Биыл да өсіп қалады. Мұғалімдерге де өседі. Мен айттым біз жүйелі түрде шешеміз.

Алқалы жиынға қатысқан режиссер Ақан Сатаев кино индустриясының да жағдайы мүшкіл екенін айтты. Мәселен, қыруар қаржы бөлініп, түсірілген фильмдер өзін ақтаған жоқ. Статистикаға үңілсек, 30 жылда «Қазақфильм» 600 кинокартина түсірген, прокатқа тек 52-сі ғана шықты.

Ақан Сатаев, «Қазақфильм» АҚ президенті:

- Кино айналасын ұрлық-қарлық жайлаған. Мемлекет бөлген қаражаттың тиімсіз жұмсалғанын байқадым. Техникалық жабдықтау әлсіз. Авторлық құқық көп жағдайда қорғалмайды. Отандық кино түсірушілері  әлемдік танымал топтың әнін фильмде емін-еркін қолданатын деректер бар. Оған ақы төлеуді ешкім ойлап жатқан жоқ. Біз отыратын мекемедегі ахуалды жақсы білесіздер. Мұндай жағдайда қандай шығармашылық жұмыс жүргізуге болады? Кино түсіріледі, бірақ көбіне лайықты нәтиже жоқ.

Дәурен Абаев, ҚР Мәдениет және спорт министрі:

- Авторлық құқықты, техникалық талаптарды сақтамау жағдайларын растаймыз. Мен қазір қанша фильм жұмсалған қаржыны ақтағанын айтпаймын, себебі мақтанарлық нәтиже жоқ. Біз барлық мәселені көтеріп, талдап, қателерді түзетуіміз керек.

Ол үшін алдағы уақытта саланы дамытуға бағытталған арнайы жол картасын қабылдау жоспарда бар. Соның арқасында биыл көп нарсе шешімін табатынына сенім бар, деді ведомство басшысы.

Гүлзия Нақыпқызы, Ержан Қанапияұлы