Отпан таудағы ұлық мереке – Маңғыстау облысы

Отпан таудағы ұлық мереке – Маңғыстау облысы

Амал мерекесін әсіресе маңғыстаулықтар кең көлемде тойлап жатыр. Мәдени-көпшілік шаралар Қаратаудың ең биік шоқысында тұрған «Адай ата - Отпан тау» тарихи-мәдени кешенінде өтті, деп хабарлайды «Хабар 24».

«Бір жасыңмен» деп құшақ жая көріскен көпшілік Наурыз-көжеден дәм татты. Тау басында сәбиге азан шақырып ат қою, бесікке бөлеу секілді қазақтың салт-дәстүрлері көрсетілді. Қаратаудың төбесін Амалдың ақша қары көмкеріп тұр. Күннің суықтығына орай мәдени шара «Ақсарай» ғимаратында өтті. Көрісу мерекесін тамашалауға келген көрермен сәбиге ат қою, бесікке бөлеу рәсімін тамашалады. Бастапқыда көпшілік ойлағандай, бұл театрландырылған қойылым болмай шықты. Үлкен әулеттің отанасы отбасылық мерекені қасиетті орында атап өтуді ұйғарған. Жетінші немеренің есімін ақын Сабыр Адай қойды.

Рахмет Тұрарұлы, Ақтау қаласының тұрғыны:

– Азан шақырып, ат қойдырып, бесікке салған мерекелері өтіп марқайып отырмыз. Осындай мерекелі күн, той елімізге жұғысты болсын. Жақсылықта, жаңалықта жүздесейік.

Амал мейрамын тойлауға жиылған көпшілікке әдеттегідей Наурыз-көже таратылды. Жергілікті өнерпаздар ән шырқап, күй тартып мерекелік шара көрігін қыздырды. Шараға қатысушылар теңіз деңгейінен 532 метр биіктікте орналасқан «Адай ата» кесенесіне барып, бабалар рухына тағзым етті. Қазақтың 3 биінің ескерткіші тұрған жерден бастап биік шоқыға 362 басқышпен көтерілді.

Зейне Жаңабайқызы, «Адай ата - Отпан тау» тарихи-мәдени кешенінің әдіскері:

– Бүгінгі шарамыз жоспарлы түрде өтіп жатқан болатын. Бұған сонау Ақтау қаласынан келіп жатқан көптеген адамдар қатысты шарамызға. 13-нен 14-не қараған түні «Бірлік» оты жағылған болатын. Халық келіп қатынасты.

Тарихи мекенде кешелі бері орта есеппен алғанда 500-дей адам барған. Дәстүрлі шара аясында Жеменей ата ұрпағы Отпан таудың басында «Бірлік» отын жағу кезегін Тобыш руына табыстады. «Қарашаңырақ» кешенінде төс қағыстыра көріскен халық бір-біріне «Амалдан-амалға аман-есен жете берейік» деп ақжарма тілек арнап, тарқасты.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев, Александр Убейкин