Қазақ дубляжының халі қалай?

Қазақстан әлемдік фильмдер мен мультфильмдерді тиісті деңгейде сапалы дыбыстауға дайын, деп хабарлайды «Хабар 24».

Отандық студиялар мен дубляж актерлерінің тәжірибесі мол. Кемшіліктер де жоқ емес дейді сала мамандары. Ал халықаралық сертификаты барлары саусақпен санарлық. Оларға қойылар талап та жоғары.

Мирлан Алтынбек, тілші:

- Бір қарағанда дубляж оңай сияқты. Бірақ бұл сала шалалықты кешірмейді. Әсіресе кәсіби деңгейге шыққысы келетін әуесқойларға құлаққағыс. Дауыс арқылы эмоцияны дөп жеткізу екінің бірінің қолынан келе бермейді. Үлкен экрандарда көрсетілетін фильмдердің өзге тілдерде сапалы дыбысталуына өнім ұсынушы тарап та мүдделі екені сөзсіз. Өйткені ешкім сапасыз дубляжға бола тұрақты көрерменін жоғалтқысы келмейді. Оның ішінде киностудиялар да, кинотеатрлар да бар. Отандық дубляж актерлері осынау сыннан сүрінбей өте ала ма?

Қазақстанның халық әртісі, кино және театр өнерінің майталманы Талғат Теменов шетелдік түпнұсқа туындыларды мемлекеттік тілге тәржімалау кезінде кейіпкерлер арасындағы диалогқа аса мән беру керек дейді.

Талғат Теменов, Қазақстанның халық әртісі:

- Біз қазір Американың киноларын тікелей өзіміз ала аламыз. Және елордада дубляж жасауға мүмкіндік бар. Қазақ тіліндегі көрермендер баршылық, жеткілікті. Егер қазақ тілін өркендетеміз деген мәселе тұратын болса, қазақ тіліне аударылған кинолардың сапасына, яғни диалогтарына көңіл аудару керек. Көбінде атүсті аударылып жатады. Бұл дұрыс емес.

Бұдан бұрын елімізде 40-тан астам шетелдік кино және мультфильм төл тілде дыбысталып, үлкен экрандарға жол тартты. Ерен еңбекке меценаттардың қосқан үлесі ерекше. Елордадағы дубляж студиясының құрылтайшысы Айгүл Байбектің айтуынша, дыбыстау кезінде ұлттық менталитетке, әдебиетке және аймақтық диалектке икемдеу жағы да ескеріледі. Осы күнге дейін кәсіби дубляжға 200-ге жуық маман жұмылдырылған.

Айгүл Байбек, продюсер:

- Қазақстанда Диснейдің сертификациясынан өткен тек қана 2 студия бар. Әрине өзіміздің отандық кино керек. Оны түсіру керек. Бірақ дубляж да болу керек. Дубляждау – қазақ тілінің мәртебесін көтеретін бірден бір идеологиялық құрал.

Қазақстандық дубляж сапасы көрермен көңілінен шыға ма? Болашақта қазақша дыбысталған шетелдік туындыларға сұраныс артуы мүмкін бе? Патша көңіл көрермен не дейді?

БЛИЦ:

- Қандай ұйым, қандай продакшн түсіретінге байланысты. Егер Марвел, Диси болса, қазақстандық бірталай көрермен соған барады.

- Ресейдегі білікті мамандарды Қазақстанға алып келіп, сол кісілер үйретсе, бәлкім сонда нәтиже берер. Бірақ қазіргі таңда Қазақстанда ондай маман жоқ деп ойлаймын өзім.

- Қазақ актерлері орысша фильдермен, орысша сөздермен, арасында қазақша сөздерді қосып, одан кейінгі фильмдерде қазақша 50/50. Қазақшаның пайызы жоғары болып, көрермен құлағына оғаш естілмейді.

- Қазақстандық медиаиндустрия қарқынды дамып жатыр. Отандық дубляж актерлері жоғары кәсіби деңгейін көрсетіп, бұл сыннан абыроймен өтеді және біздің берер бағамыз да жоғары болады деп ойлаймын.

Қазіргі уақытта Голливуд фильмдерін прокаттау бойынша шетелдік компаниялармен келіссөздер жүруде. Universal Pictures, Warner Bros. және Paramount Pictures бұрын бекітілген кестеге сәйкес қазақстандық көрермендерге өз картиналарын ұсынуды жалғастыра бермек. Ал Walt Disney және Sony компанияларымен жүріп жатқан келіссөздерге министрлік қатысып жатыр. Нәтижесі мен жергілікті кинотеатрлардың алдағы жұмысы туралы осы айдың соңында белгілі болмақ.

Мирлан Алтынбек, Жандос Сұлтанғазы, Құдайберген Аймырза, Бақберген Панат