Павлодар облысында көшпенділер мәдениеті көрмесі ашылды

Өңірдің мәдениет ошақтарында ұзақ үзілістен кейін көрмелер қайта жанданды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Эпидемиологиялық ахуал жақсарған соң шаралар үйреншікті онлайн форматта емес, дәстүрлі түрде ұйымдастырыла бастады. Музей келушілерімен қайта қауышқандардың қатарында облыстық тарихи-өлкетану музейінің қызметкерлері бар. Қалың жұртшылық назарына көшпенділер мәдениетіне арналған көрме ашылды.

Сарматтық әйелге тиесілі ағаш тарақ Батыс Қазақстан облысы Тақсай қорымынан табылған. Зат түпнұсқа күйінде жоқ. Қазба жұмыстары барысында тек кей бөлшектері сақталған.  Ғалымдар қалдықтары бойынша 3D көшірмесін дайындаған.

Георгий Пересветов, археолог:

Жұртшылықты өңіріміздің бар тарихымен таныстыруды мақсат еттік. Өлкемізде бірегей тарихи ескерткіштер жетерлік. Мәселен, Баянауыл ауданының Торайғыр көлінің маңынан тас ескерткіштер табылды. Осы тектес нысандар Моңғолия еліне тиесілі. Тас стеллаларда бұғылардың суреттері бар.

Тас ескерткіштер біздің заманымызға дейінгі сегізінші ғасырда пайда болған. Ғалымдардың пайымдауынша, Моңғолия аумағындағы кей тайпалар Алтай асып, Ертіс өңірінде қоныстанған. Бірегей ескерткіштер ұлы Еуразия даласын мекен еткен көшпенділердің мәдениетін тереңнен зерттеуге мүмкіндік береді. Табылған жәдігерлердің бір бөлігі көрмеге қойылды.

Гүлдана Әділова, студент:

Қазақстан тарихы сабағында әртүрлі ақпарат білдік және мына жерге келдік. Өте ұнады. Көрмеде өте көне заттарды көрдік. Маған ұнады. Тағы білгім келеді.

Басты мақсат – Еуразияның ұлан-ғайр даласын мекен еткен көшпенділердің мәдениетімен таныстыру. Мамандар таулы Алтай, Хакасия, Тува, Моңғолия аумақтарындағы көшпелі халықтардың мәдени мұрасын паш етті.

Кауа Шаймарданова, студент:

Біз келер ұрпақ ата-бабаларымыздың тарихын білеуіміз керек. Кітаптан оқыған бір бөлек, көрген бір бөлек. Ежелгі көшпенділердің мәдениеті, өнері таң қалдырады. Біз сияқты болашақ мұғалімдер үшін бұл аса маңызды.

Көрме – облыстық өлкетану музейі жанындағы археологиялық зертхана жұмысының қорытындысы. Реставратор-ғалымдар Еуразияның түкпір-түкпірінен табылған экспонаттардың 3D-көшірмесін дайындап, бір жерге топтастыруды көздеген. Бұл тәжірибе жалғасын таба бермек.

Авторлары: Ақмарал Есімханова, Самат Оспанов және Жеңіс Темірболат