Күйші Әбдімомын Желдібаевтың 85 жылдық мерейтойы өтті – елорда

«Күмбірлі күйім елімде» концертінде қазақ оркестрі мен орындаушылар дарынды композитордың «Жетісу сазы», «Өмір дастан», «Шырайлым», «Ыдырыс», «Көк шолақ», «Қызыл гүлім қызғалдағым», «Тұран елі» сынды күйлерін орындады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Концертке қала әкімі қатысып, күйші-композиторға сый-сыяпат табыстады. Тарихты күймен тәпсірлеп, танымды жырмен тасқындатқан тұлғаның бірі – Әбдімомын Желдібаев. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат», «Құрмет» ордендерінің иегері, күйші-композитордың «Ерке сылқым» күйі қазақтың тұтас дәуір келбеті десек те артық айтпаспыз. Е.Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармониясының концерт залында Әбдімомын Желдібаевтың 85 жылдық мерейтой кеші өтті. Онда әуезді ән де айтылып, күмбірлеген күй де шертілді.

Әбдімомын Желдібаев саналы ғұмырын қазақтың саф өнері күйге арнап, керемет туындыларды құнды қазынамызға айналдырды. Күй – қазақ халқының теңдесі жоқ ұлттық өнер қазынасы екенін шәкірттерінің санасына сіңіріп келген.

Нұрлан Бекенов, дирижер:

Өте бір тамаша концерт борлды. Осы концертке көмек көрсеткен, әкімдікке, мәдениет басқармасына, филормонияға алғыс білдіреміз. қазақ оркестрі толығымене алып шықты.

Өресі биік өнер кешінде ағамыздың 70-тен аса туындысы орындалды. Дәулескер күйші сексеннің сеңгірінен асса да, өнерден алыстамады.

Авторы: Наргиз Бекмағанбетова