Анкарада қазақтың бас ақыны туралы кітап жарық көрді

Ұлы Абайды әлем бұрынғыдан да жақын тани түседі. Қазақтың бас ақыны Абай Құнанбайұлына арналған ұжымдық монография Анкарада ағылшын тілінде шықты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сондай-ақ «Абай Құнанбайұлы: сипаттамалы библиографиялық көрсеткіш» атты ғылыми еңбек те жарыққа шықты. Бүгін астанада қос бірдей кітаптың таныстырылымы өтті. Бұл еңбектер шетелдік қауымға қазақ ойшылы Абай мен оның мұрасын жан-жақты танытуды көздейді. Екі томдық кітап 1889 жылдан 2020 жылға дейін баспасөзде жарияланған барлық еңбектерді толық қамтыған ғылыми басылым. Библиографиялық көрсеткіште 12 мыңнан астам дерек қамтылған.

Жандос Әубәкір «Абай академиясы»ғылыми-зерттеу институтының директоры:

– Бұл Абайтанушы ғалымдарға да, жас ізденушілерге де жалпы Абай шығармасына қызыққан халыққа өте қажетті. Бұнда ерекшелігі сол, осы еңбектерге сипаттама беріліп, оның ерекшеліктерін айтуында. Яғни бұл кітап – Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің Еуразия ғылыми-зерттеу институттың жасаған жемісті еңбегі.

Суат Бейлұр, Еуразия ғылыми-зерттеу институтының директоры:

«Ұлы дала данышпаны – Абай» атты кітап 18 тараудан тұрады. Ғылыми еңбек ағылшын тілінде жарыққа шықты. Мұнда отандық және шетелдік ғалымдардың ұлы ойшыл ақынның заманы, туып өскен ортасы мен барлық шығармашылығы жан-жақты қамтылды.