Ақтөбеде тәуелсіздік жылдарында жиналған құнды жәдігерлер көрмеге қойылды

1991 жылдан бері облыстық музей қорына қабылданған бұйымдарды енді кез-келген тұрғын мен қала қонақтарының көруіне болады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оның арасында этнографиялық, тұрмыстық заттар, музыкалық аспаптар, картиналар бар. Өлке тарихына қатысты жәдігерлерден өзге, танымал тұлғалардың тұтынған жеке заттары да көпшіліктің назарына ұсынылып отыр. Мәселен, атақты ақын Қуандық Шаңғытбаевтың, күйші Бақыт Басығараевтың, өткен дәуірде қазақ прокуратурасын 18 жыл басқарған Өтеген Сейтовтің және генерал-лейтенант Болат Жанасаевтың қолданған заттары қойылған. «Тәуелсіздіктің қазыналы керуені» атты көрме жұмысы қаңтарға шейін жалғасады.

Айбек Ертеміров, облыстық Тарихи-өлкетану музейінің бөлім меңгерушісі:

- Этнографиялық бұйымдар ат әбзелдерінің көптеген аса құнды түрлері, сонымен қатар түлкі ішіктеріміз осы құнды-құнды жәдігерлердің қатарында. Сонымен қатар, атақты суретші Мұхит Ғалымовтың туындысы бұл «Исатай-Махамбет» картинасында айтуымызға болады. Яғни, осындай құнды-құнды жәдігерлерден осы көрме жасақталып отыр. Музей қоры бүгінгі күні 100 мыңнан астам экспонаттардан жабдықталған болатын. Солардың көбісі осы тәуелсіздік жылдарында түсті деп айтуымызға болады.