Павлодардағы музейде жаңажылдық жәрмеңке ашылды

Павлодардың көркемсурет музейінде «Жаңа жылдық жәрмеңке» жұмысын бастады.

Жұртшылық  назарына зергерлік бұйымдар, қолданбалы өнер туындылары ұсынылған. Музей қорында жергілікті шеберлердің ең үздік бұйымдары сақталған. Ел ішінде әлі күнге дейін сырмақ сырып, түскиіз бен  құрақкөрпе тігетін, ши тоқитын шеберлер баршылық. Бірнеше саланы қамтыған көрмені  тамашалауға  келген қала тұрғындары үшін құмыра жасаудан  шеберлік сағаты да ұйымдастырылды. Айдар Қабдыкәрімов  ұмыт бола бастаған көне өнерді насихаттап жүр. Ол бір кездері керамика зауытында жұмыс істеген. Бүгінде хоббиіне айналған сүйікті кәсібінен қол үзгісі жоқ. 

Айдар Қабдыкәрімов, құмыра жасаушы шебер:

- Мен бұл іспен ұзақ  жылдар бойы айналысып келемін. Өзіме өте ұнайды, сондықтан тастағым келмейді. Адамдарға да қызық, үйренгісі келетіндер көп. Олардан көмегімді аямаймын. 

Эльмира Арынова, экскурсия бөлімінің жетекшісі:

- Шеберлік сағаты бәріне қолжетімді. Кез келген адам қатыса алады. Қыш құмыра жасау техникасын игеруге ниет білдіргендер өз қолымен құмыра жасап көреді. Бұл демалысын мәнді өткізуді қалайтындар үшін   таптырмас мүмкіндік.