Астанада жазушы Асқар Алтайдың шығармашылық кеші өтті
Белгілі жазушы Асқар Алтайдың "Алтай балладалары" атты шығармашылық кеші өтті.
Алпысты алқымдаған қаламгердің мерейтойына әріптестері, оқырмандары жиылған. Кеште Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі өз тілегін жеткізіп, Мемлекет басшысының жазушыны құттықтау хатын оқып берді. Қара сөз шебері Асқар Алтайдың "Қыр мен қала хикаялары", "Алтай новелласы", "Казино" жинақтары жарық көрген. "Туажат", "Сират" секілді шығармалары, "Көзжендет" әңгімесі де көпке мәлім. «Қызыл бөлтірік» кітабы Халықаралық Сорос қорының бас жүлдесі — грантын жеңіп алған. Ол Төлеген Айбергенов атындағы және халықаралық "Алаш" әдеби сыйлықтарының лауреаты.
Асқар Алтай, жазушы:
- Шығармашылық адамның тойы ғана емес, қалың оқырманның тойы ғой. Менің түсінігімде ең үлкен той оқырманның тойы. Шығармаларың соған сай болып, оқырман сені оқыса, ұмытпаса, ең үлкен той сол деп ойлаймын.