Жазушы Қошмұхамбет Кемеңгерұлының «Қазақ тарихынан» кітабы табылды
Павлодарлық музей қызметкерлері Алаш қайраткері, ғалым, жазушы Қошмұхамбет Кемеңгерұлының «Қазақ тарихынан» атты кітабын тапты.
Туынды 1924 жылы Мәскеу қаласында жарық көрген. Құнды жәдігерді «Алашордалықтар ізімен» атты экспедиция барысында Железин ауданының тұрғыны тарту еткен. Бұл Қошмұхамбет Кемеңгерұлының қазақ халқының тарихына қатысты алғашқы зерттеуі. Кітапта жер дауы, қазақ рулары, оқу-ағарту, дала дәстүрлері мен мәдениеті тақырыптары қамтылған. Мұра сонысымен құнды. Мамандардың айтуынша, араб қарпімен жазылған кітаптың небары 15 парағы сақталған. Алдағы уақытта әр бет реставрациядан өткізіліп, аударылады. Жалпы зерттеу жұмысының төрт мың данасы басылып шыққаны белгілі. Бірақ, публицистің бұл еңбегінің басым бөлігі өртеліп, жойылған. Музей мамандары бұдан басқа тағы бірнеше құнды жәдігерді тапқан. Олар тыңғылықты зерттеуден соң халықтың назарына ұсынылады.
Әділбек Әміренов, араб тілінің маманы:
- Қалған парақтары табылып қалуы мүмкін. Өйткені осы музей қорында өзге де кітаптардың парақтары жатыр. Біз соларменен жұмыс істеудеміз. Кітаптың жазылу стиліне келетін болсақ, 1924 жылы жазылғандықтан, бұл Ахмет Байтұрсыновтың реформасы негізінде жасалған қазақ әліпбиі. Осы әліпби қолданылған.
Ербол Қайыров, Бұхар жырау атындағы облыстық әдебиет және өнер музейінің басшысы:
- Біз былтырғы жылы Аққулы ауданынан Ахмет Байтұрсыновтың «Маса» кітабын тапқан болатынбыз. Кейін ойлана келе бұл алашордалықтарға қатысты басы ғана, біздің өңірімізде әлі де кітаптар табылуы керек деген оймен, биылғы жылы «Алашордалықтардың ізімен» деген экспедиция жоспарлаған болатынбыз. Оған шейін жылдың аяғында Ертіс ауданынан Абайдың алғақы кітабы табылды.