Астанада көшпенділер өркениетінің фестивалі өтіп жатыр
Елордада Наурыз мерекесіне орай іс-шаралар жалғасып жатыр. Соның бірі – EXPO аумағында 21-23 наурыз аралығында болатын «Наурыз мейрамы» атты көшпенділер өркениетінің фестивалі. Мұндағы мақсат – халқымыздың көне салтын дәріптеп, бабаларымыздың өркениетін жаңғырту, деп хабарлайды «Хабар 24».
Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген қолөнершілер арнайы тігілген киіз үйлерде бірегей бұйымдарын ұсынды. Мұнда келгендерді шеберлер кілем тоқу, киіз басу, сақ сауыттарын жасау, кесте тігудің қыр-сырына қанықтырады. Ашық алаңда «Наурыз! Наурыз!» деп аталатын интерактивті театрландырылған қойылым, ұлттық ойындар және концерттік бағдарлама ұйымдастырылған.
Майра Измайлова, Funk агенттігінің өкілі:
- Бұл – Наурыз мейрамын өткізудегі жаңа формат, өйткені тігілген киіз үйлерден бастап, интерактивті іс-шараларға дейін барлығы жаңа. Фестиваль өтетін аймаққа диаметрі 32 метр болатын шаңырақ орнатылған. Осы шаңырақ астында түрлі спорттық шаралар өтеді. Мысалы, жекпе-жек, қошқар көтеру, асық ату, арқан тарту сынды ұлттық ойын түрлерінен сайыс ұйымдастырылады.
Спорттық сайыста бақ сынау үшін кәсіби маман болу міндет емес. Фестивальге кез келген адам қатыса алады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл шараны қазірдің өзінде 20 мыңға жуық адам тамашалаған.
- Мынау мереке – халықтың мерекесі, халықаралық мереке. Сондықтан той болсын, мерекеден мереке жалғаса берсін!
- Жаймашуақ күн, күн ашық, қандай керемет! Халық көңілді.
- Наурызға келдік. ЭКСПО алаңында керемет Наурыз өтіп жатыр. Көңіл күй керемет, бала шағамызбен ойнап, демалып, қыдырып, үйге қайтып бара жатырмыз.
Күн мен түннің теңесіп, табиғат ананың түрленетін шағында күллі түркі халқы да бір-бірімен қауышып, Әз Наурызды ерекше көңіл күймен қарсы алады. Міне, сондықтан ұйымдастырушылар бұл шара 3 күнге созылатынын айтады.
Авторлары: Айжан Комбатурова, Арман Ақшабаев.