Алматыда «Азия дауысы» өтіп жатыр

Алматыдағы «Медеу» мұз айдыны кешенінде «Азия дауысы» өтіп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Фестиваль 1990 жылдан 2005 жылға дейін Еуразия құрлығындағы ең ірі мәдени шараға айналған. Енді, міне, араға 19 жыл салып, қайта жанданды. Бұл жолы да елімізбен қоса шетелдік өнер жұлдыздарының басын қосты.

1998 жылы халықаралық фестивальді ұйымдастырушылардың федерациясы «Азия дауысына» әлемдегі ең үздік фестиваль атағын берген. Кезінде оның сахнасында Патрисия Каас, Тото Кутуньо, Boney-M, Алла Пугачева мен София Ротару ән салды. Жобаның бас продюсері Арманжан Байтасовтың айтуынша, бұл дәстүр енді қайта жаңғырады.

Арманжан Байтасов, фестивалдің бас продюсері:

- «Азия дауысының» тарихы бай. Оның қайта жандануына Halyk Bank көп үлес қосты. Оның да тамыры тереңде жатыр. Биыл құрылғанына 100 жыл.  «Азия дауысы» қайта жанданады дегенде бізге әлемнің әр түкпірінен хабарласты. Бұл фестивльдің өте танымал болғандығын көрсетіп отыр. Ол өнерге құштар мыңдаған адамды біріктіреді.

«Азия дауысының» негізін кезінде Мұрат Ерғалиев пен Александр Пономарев қалаған. Содан кейін халықпен қайта қауыштыру қыруар еңбекті талап етті. Жобаны жүзеге асыруға 2 мыңнан астам адам атсалысты.

Майрам Сарбарбекова, көрермен:

- «Азия дауысына» осыдан 1 ай бұрын билет алып қойғанбыз. Бішкектен арнайы келдік. Кешеден бері тамашалап жатырмыз. Өте керемет. 

Гүлбаһрам Рахым, қала тұрғыны:

- 90-шы жылдан басталған фестивальге жыл сайын жібермей келіп жүретінмін. Керемет фестиваль, небір-небір танымал артистер келеді. Black Eyed Peas – өзі жақсы көретін тобым өлең айтады.

Иә, фестивальдің екінші күнгі бағдарламасы тек қана америкалық The Black Eyed Peas тобына арналды. Олар әлемге танымал хит шығармаларын орындап, келушілерге ерекше көңіл күй сыйлады. Ал бүгін сахнада Швецияның Secret Service музыкалық тобы өнер көрсетеді. 

Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова, Сұлтан Бейсекенов.