Жетісуда байқауларда баса озған батагөй қария бар

Жетісу облысының Кербұлақ ауданындағы Басши ауылында жасы тоқсанға таяп қалған Жақыпбек Өмірбек есімді батагөй қария тұрады.

Ол аудандық, облыстық бата берушілер байқауында көзге түсіп, Атырауда өткен республикалық батагөйлер жарысында бас жүлде алып қайтқан. Аталған байқауға еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған 20 шақты қазына кеуде қария қатысқан. Жақыпбек Өмірбек ақсақал өзі тұратын Басши ауылының халқы үшін «Қажы ата» атанып кеткен.

Жақыпбек Өмірбек, Басши ауылдық Ақсақалдар кеңесінің төрағасы:

- Сол асыл елге, жұртқа, жастарға пайдасы тиетіндей баталарды жинап, соны ойыма қондырып алып, жатқа айтамын. Соның бірін айтып жіберсем қалай болады?

– Айтып жіберіңіз:

– Жаратқан ием, Алла Тағала, мына кең байтақ жеріміздің жан-жағын жарық қыла көр, бастаған ісіміздің бас-аяғын анық қыла көр. Жан-жағымызға жау келтіре көрме, бастаған ісіміздің бас-аяғына дау келтіре көрме. Өнегелерің азбасын, өнерлерің тозбасын! Осы бір берген батамды, бір Алла өзі қолдасын! Аумин!