Алматыда Аңсаған Мұстафаның көрмесі өтті

Аңсаған Мұстафаның есімі елге жақсы таныс.

Оның әрбір туындысы жұртты елең еткізеді. Қылқалам шебері қоғамдағы өзекті мәселелерге үн қатады. Көбіне қара және ақ түсті қолданатын суретші мен үшін түс маңызды емес, маңыздысы – көрерменге ой салу, - дейді. Алматыда Аңсаған Мұстафаның «Сөйле, сурет» атты көрмесі өтті.

Сыры бөлек бұл суреттердің құндылығы жоғары. Жанды ауыртатыны да рас. Себебі әрқайсысы сіз бен біздің көкейімізде жүрген терең ойды сипаттайды. Аңсаған Мұстафаның әлемі бөлек. Ол қоғамдағы проблеманы жанымен түйсінеді. Жүрекпен қабылдайды. Сол себепті оның туындылары көпшілік көңілінен шығады.

Кәмшат Ізбасарова, көрермен:

- Маған барлық сурет ұнады. Соның ішінде «Ана мен бала» деген сурет. Айтады ғой, «Ана бір қолымен баланы, бір қолымен бесікті тербетеді». Мына көріністі қараңыздаршы, бір қолымен бесікті тербетсе, екінші қолымен ұялы телефон. Балаға деген махаббат, емірен жоқ ананың. Сонда біздің баламыз қалай өседі? Бала деген махаббатпен өседі. Ананың құшағында өседі. Мысалы, жетім балалар бар. Негізі толық қанды отбасының психологиясы әртүрлі болады. Сондықтан осындай көрініске апармас үшін бүгіннен ойлану керек.

Суретшінің картиналары бірнеше рет әлемдік көрмелерге қойылды. Әрдайым көрермен көзайымына айналды. Себебі ол көтерген әлеуметтік мәселе бәріне ортақ. Әсіресе «Анам мені өлтіретін шығар» деп аталатын картина талай бөбектің дүниеге келуіне себепші болды.

Аңсаған Мұстафа, суретші:

- Негізі өскен ортам – журналистер, әке-шешем – журналист. Жазушы – папам, жолдасым да – журналист. Өткен шақты көп ойламаймын. Болашақты көп ойламаймын деген сияқты ғой. Бүгінгі күнмен өмір сүремін. Көз көргенді салып, бейнелеп жатырмын. Бұндай суреттердің көбейіп кеткен себебі, өзім әлеуметтік желіде көп отырам, белсенді отырам. Жаңалықтарды сол жерден алам, сосын сол жерде жастардың көп отырғанын көріп жүрмін. Оларға ой салайын, босқа отырмасын. Әке-шешесін тастамасын, егер бөлек тұрып жатса, оларға алимент төлесін деген сияқты ой тастап отырамын.

«Жүрегіңмен доссың ба?» Бұл да – Аңсаған Мұстафа қалам тербеген картинаның бірі. Күйбең тірлігін күйттеген адамның ғұмырын суреттеген. Жыл соңына қарай суретшінің 150-інші көрмесі Иракта ұйымдастырылады. Келесі жылы түркі елдері мен Еуропада ұсыну жоспары бар. Оған «Түркітілдес журналистер қоры» мұрындық болды.