Dala dauysy өнер байқауы жарияланды
Елде "Дала дауысы" республикалық байқауына құжат қабылдау басталды.
Мәдениет және ақпарат министрлігі мұрындық болған өнер сайысы жаңа авторларды қолдау мен насихаттауды мақсат етіп отыр.
Үздіктер 5 номинация бойынша анықталады. Олар: Үздік классикалық музыка, үздік фольклорлық музыка, үздік драматургиялық туынды, үздік театр жанры туындысы және "Республика" әні. Бұдан бөлек, министрліктің екі арнайы жүлдесі бар.
Жеңімпаздар қазан айында белгілі болмақ. Ал шығармашылық конкурстың жалпы жүлде қоры 47 млн теңге.
Киреев картиналары
Әбілхан Қастеев атындағы өнер музейінде суретші Владимир Киреевтің жеке көрмесі ашылды.
"Кездесу" деп аталатын экспозицияға 50-ден астам портрет пен пейжаз қойылған. Суретшінің картиналарына қарап, оның реализм жанрына жақын екенін аңғаруға болады. Қылқалам шеберінің камералық және монументалды еңбектерінің бірқатары бүгінде музей қорына енгізілген.
Киреев шығармашылығында қала пейзажының орны алабөтен. Ол әсем қала Алматының тұмса табиғатын шабыттана бейнелейді.
Көрме 28 сәуірге дейін ашық болады.
"Өрлеу" халықаралық фестивалі ашылды
Алматыда хореографиялық оқу орындарының халықаралық «Өрлеу» фестивалі ашылды.
Алтыншы рет өткен дәстүрлі шара биыл Селезнев атындағы хореография училищесінің 90 жылдығына арналды. Үш күндік фестивальде жас балет бишілері өнер көрсетіп, мамандар кәсіби өнерді дамыту бойынша шығармашылық тәжірибе алмасады.
Алматы театрының сахнасында кәсіби би ұжымдары мен балет әртістері өнер көрсетті. Биыл «Өрлеу» фестиваліне Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Түркия, Ресей елдерінің 8 хореографиялық оқу орнының жас таланттары қатысып жатыр. Сонымен қатар би форумына халықаралық деңгейдегі жетекші балет әртістері келді.
Мұрат Түкеев, А.Селезнёв атындағы Алматы хореография училищесі директорының міндетін атқарушы:
- Біз үшін бұл баға жетпес тәжірибе. Бүкіл профессорлық-оқытушылық құрамға хореографиялық білім беру саласындағы жұмысты жандандыруға, бітіруші студенттеріміздің кәсіби деңгейін көтеруге жаңа серпін береді.
Фестивальдің бірінші күні 90 жылдық тарихы бар Қазақстанның тұңғыш балет мектебінің студенттері есеп беру концертін қойды. Көрермендерге бір актілі толықметражды екі балет ұсынылды.
Мұрат Түкеев, А.Селезнёв атындағы Алматы хореография училищесі директорының міндетін атқарушы:
- Фестиваль қонақтары «Тұран дала – қыран дала» және «Болеро» балетін тамашалады. Біздің шәкірттеріміз еліміздің сахналарында ғана емес, шетелдің театрларында өнер көрсетіп жүр. Халықаралық конкурстарда жүлделі орындардан көріне білді. Бұл Қазақстандағы кәсіби хореографияның көрінісі, білікті ұстаздардың еңбегі.
90 жылдық тарихы бар Селезнев мектебінен бүгінге дейін 2 мыңнан астам түлек өнерге жолдама алды. Олардың қатарында Халық әртістері, еңбек сіңірген өнер қайраткерлері бар. Халықаралық балет және би байқауларының лауреаттары да осы ұстаханада шыңдалды. Солардың бірі Красноярск мемлекеттік опреа және балет театырының прима балеринасы Наталья Чеховская Селезнев училищесінің түлегі.
Наталья Чеховская, А.Селезнёв атындағы Алматы хореография училищесінің түлегі:
- Мектеп маған өте жақсы өмірлік жолдама берді. Мен бұл үшін өте ризамын және мектебімді әрқашан мақтан тұтамын. Өнер мектебінің балет әлемінде өз орны бар. Халықаралық жарыстарда өзім түлеп ұшқан мектебімнің жетістіктерін көріп, қуанамын. Мұнда кәсіби мамандар бар, би дәстүрі сақталған. Бұл өте маңызды.
«Өрлеу» халықаралық фестивалінің екінші күні балет өнері жұлдыздарының шеберлік сабағына арналды. Ал өнер мерекесін фестиваль қонақтары мен Қазақстанның жетекші би ұжымдарының қатысуымен өтетін «Балет жұлдыздары» гала-концерті қорытындылайды.
Назерке Тоқжан, Гүлжан Көленқызы, Әбен Нарымбаев, 24.KZ