Қайтсек кітап оқитын ұлтқа айналамыз?

Қазақтың киелі аспабы Венгрия мен Түркия жұртын тәнті етпек.

Қазақ қобызы әлемді шарлайды

Мамыр айында талантты қобызшы Олжас Құрманбек Димаш Құдайбергенмен бірге аталған елдерге гастрольдік сапар жасайды.

Олжас бұған дейін де әлем сахналарында өнер көрсетіп, тыңдарманның жүрегін жаулап үлгерді. Әсіресе әлеуметтік желідегі бейнероликтері жұртты таң-тамаша етті.

Олжас қазақтың көне аспабын 20 жылдан бері серік етіп келеді. Дәстүрлі әуендермен қатар танымал фильмдердің саундтрегін орындайды. Музыкант биыл шығармашылық кешін өткізуді жоспарлап отыр.

Қайтсек кітап оқитын ұлтқа айналамыз?

Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайда елдің ертеңі мен келешегі үшін атқарылар кезек күттірмес қадау-қадау міндеттерді атап көрсетті. Соның бірі – қоғамда кітап оқу мәдениет қалыптастыру.

Қазір Қазақстан нарығында шетел өнімдерінің басым екені жасырын емес. Көркем әдебиеттің 90 пайызы Қазақстанға сырттан келеді. Сондықтан Президент ұлттық мүддеге сай келетін кітаптарды көптеп шығаруды қолға алу керек деді. Жаппай кітап оқитын ұлтқа айналуымыз керек. Әсіресе жастарды баулу маңызды деді.

Биыл балаларға арналған 26 кітап жарық көреді

Осы ретте министрлік ұсынған мына бір ақпаратқа зер салайық.

Биыл балалар және жасөспірімдерге арналған 26 әдебиет жарық көрмек. Жалпы таралымы 78 мың дана. Былтыр 24 кітап басылып шыққан. Үшеуі комикс жанрында. 72 мың кітап өңір-өңірдегі мемлекеттік кітапханаларға таратылды.

"Балалар әдебиеті жылы" яғни, 2021 жылы 227 млн теңге қаржыға 40 балалар әдебиеті жарық көрді. Соның төртеуі әлемдік туындылардың қазақ тіліндегі аудармалары.

2024 жылы

Жарық көреді – 26 кітап

Таралымы – 78 мың дана.

2023 жылы

Жарық көрді – 24 кітап

Таралымы – 72 мың дана.

2021 жыл Балалар әдебиеті жылы

Бөлінді – 227 млн теңге

Жарық көрді – 40 кітап

Аударма – 4 кітап

Таралымы – 120 мың дана.

Ақын-жазушылармен кездесу өтті

Жас ұрпақты кітап оқуға баулитын іс-шараның бірі Шымкентте өтті.

Жас оқырмандар балаларға арнап жазылған кітап авторларымен кездесті. Олар жергілікті фантаст жазушы Сарманбай Исақ, сазгер Айзада Бекенқызы, жасөспірімдерге арналған түрлі өлеңдердің авторы Дәркен Танабаев сияқты белгілі тұлғалармен пікір алмасты. Жазушылардың әңгімесін тыңдап, өздерін қызықтырған тақырыптармен ой бөлісті.

Жиын соңы байқауға ұласты. Кітапсүйер қауым бес кезеңнен тұратын сынға қатысып, білім көкжиегін байқап көрді. Өздерін өлең жолдарымен таныстырып, ақындардың шығармаларын жатқа айтты. Әдебиет әлеміне үңіліп, үзінділер оқыды. Логикалық сұрақтар мен суреттер арқылы ақын-жазушылардың өмір дерегіне шолу жасады.

Отбасылық кітапханада өткен байқау жеңімпаздарына ынталандыру сыйлықтары үлестірілді.

Жанель Жахангер, байқауға қатысушы:

- Кітап оқудың пайдасы өте көп және кітаптарды оқу барысында адамның миы дамиды. Басқа әлемге кіріп, өзінің қиялын, фантазиясын дамытады.

Феруза Бейбітова, №8 отбасылық кітапхананың меңгерушісі:

- Біздің жүйеде 417 мыңға жуық кітап қоры бар. Қазір шығып жатқан кітаптар өте көркем болып шығып жатыр. Әдемі. Заманауи кітаптар да шығып жатыр. Соған қызыққаннан қазір оқырмандарымыз күннен күнге молайып келеді.

Алматыда Мария Мудряктың кеші өтеді

Алматыда белгілі опера әншісі Мария Мудряктың концерті өтеді.

Шығармашылық кеш "Астана балет" ұжымының гастролдік сапары аясында ұйымдастырылады.

Елордалық ұжым түрлі жанрдағы бірегей шоу бағдарлама әзірлеген. Оған классикалық және заманауи би қойылымдары мен опера әншісінің шығармашылық кеші еніп отыр. Ауқымды іс-шара 7-16 сәуір аралығына жоспарланған. Осы кезде көрермендер әлемдік опера жауһарларына сусындап қана қоймай, "Саломея", "Ромео мен Джульетта", "Ғашықтың тілі – тілсіз тіл" спектакльдеріне, сондай-ақ Абай әндеріне құрылған хореографиялық композицияларға куә болады.

Мария Мудряк, опера әншісі:

- Алматының орны әркез мен үшін алабөтен. Өнерде жолымды ашқан қала. Сондықтан алматылықтарды таң-тамаша қылу үшін репертуарымдағы үздік туындыларды орындағалы отырмын. Оның ішінде кейбірі, Қазақстан сахнасында әлі қойылмаған туынды. Бұл кешті асыға күтіп жүрмін.