Отырарлық шебер көне ыдыстарды қайта жаңғыртып жатыр
Саз балшықтан құмыра жасау үшін адамға ең алдымен шыдамдылық, ниет, тазалық керек. Отырарлық шебер Жанболат Әбжаппар түрлі керамикалық ыдыстар жасайды, деп хабарлайды 24kz.
Қолөнерші жігіт ежелгі Отырар қаласының тұрғындары пайдаланған ыдыстарды қайта жаңғыртып жатыр.
Жандос Жұмабек, тілші:
- Шәуілдірлік Жанболат Әбжаппар саздан құмыра жасау өнерімен бала кезінен жақсы таныс. Құмырашылар әулетінен шыққан оның арғы ата-бабасы да қолөнерден кенде болмапты. Әкесінің ағасы Кендебай Қарабдалов қыш құмыра жасаудың хас шебері. Жанболатты осы өнерге баулыған да сол атасы. Шебер саз балшықты Отырар өңіріндегі Арыс өзенінен алады. «Себебі ол керамикалық ыдыстар жасауға өте ыңғайлы», дейді.
Жанболат Әбжаппар, қолөнерші:
- Дайын тұрмайды бұл. Жер жеті қабаттан тұрады деп айтып жатады ғой. Жердің саз қабаты болады. Жыралардан алып, зерттеп, одан кейін барып, бұны шілденің күніне кептіреміз. Одан кейін барып, көлеңкеге басып, арасындағы тастар мен шөптің тамырларын алып тастаймыз. Майдалап, ұнтақтап, ұн сияқты қапқа жинап қоямыз. Оған ештеңе қосылмайды. Бұл таза, табиғи өнім.
Шебер саз балшық сырттай лас болып көрінгенмен, өте кірпияз дүние екенін айтады. Оны әбден баптап, иін қандырмаса, ойдағыдай дүние шықпайды дейді. Қолөнерші саздан түрлі көлемдегі құмыралар, керамикалық ыдыс-аяқтар жасайды. Ежелгі Отырардан табылған қыш ыдыстарды қалпына келтіріп, сұранысқа сай заманауи үлгілерін жасаумен айналысады.
Жанболат Әбжаппар, қолөнерші:
- Бұл мысалы XII-XIII ғасырларға жататын құмыралар. Арнайы тұтқасы бар ұстайтын күнделікті сусындар құйып қоюға арналған. Тек белгі беру арқылы да қолындағы таяқшалармен осындай белгі қалдырған. Ал кейінгі дүниелерде жасау үрдісі, технологиясы бәрі бірдей, бірақ сыртындағы өрнектер, сыртындағы беретін мән-мағына өз заманына сай болып отырған. Ол кездегі технологиямен бүгінгіні салыстыруға келмейді.
Жұмыстың көлемі мен күрделілігіне қарай қолдан түрлі бұйым жасауға 1 сағаттан 1 аптаға дейін уақыт кетеді. «Оған ең алдымен шыдамдылық пен жұмысқа деген ыждаһаттылық қажет», - дейді шебер. Ол атадан келген қасиетті өнердің отын өшірмей, табыс көзіне де айналдырып отыр. Бүгінде керамикалық ыдыстарға сұраныс жоғары. Сонымен қатар Жанболат қолы боста шәкірт тәрбиелеп, білгенімен бөліседі. 7 жасар Сая бір жылдан бері осында келіп, құмыра жасаудың қыр-сырын үйреніп жүр.
Сая Ерсінқызы, оқушы:
- Мен қазір құмыра жасайын деп жатырмын. Қазір бастаймыз. Мен қолымды басу арқылы құмыраның ішін жасап жатырмын. Қатты қыса бересіздер. Өзі іші дөңгелек болады, сол кезде тоқтатамыз. Сосын басындағы артық балшықты кесіп аламыз. Міне, менің құмырам дайын болды. 2-3 сағатта кебеді, сол кезде оюларын істеп аламыз.
Шебердің айтуынша, топырақтың бала денсаулығына тигізер пайдасы зор. «Саздың құрамында 60%-ке жуық кальций элементтері бар», - дейді ол. Бала сазды ұстаған кезде алақаны арқылы организмге пайдалы дәрумендер тарайды. Оны қолмен илеу арқылы сүйек қатаяды. Туған жердің топырағымен баланың бойында елге, жерге деген ерекше сезім, құрмет қалыптасатынын айтады.
Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш