«Сильфида» балеті сахнаға қайта оралды
Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театры 90-шы театр маусымын Херман Левенскольдтың «Сильфида» балетінің жаңа қойылымымен аяқтады, деп хабарлайды 24KZ.
Романтикалық хореографиялық спектакль театр сахнасында алғаш рет 1984 жылы қойылған. Енді балетті Мариин театрының әйгілі балет әртісі Леонид Сарафанов қайта сахналады. Премьераға зиялы қауым өкілдері мен Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева қатысты.
«Сильфида» – жас шотланд шаруасы мен ауа періштесінің өмірі бейнеленген екі актілі балет. Либретто 1822 жылы француз жазушысы Чарльз Нодьенің новелласы негізінде жазылған. Поэмада балықшының әйелі фантастикалық жаратылыс эльфке ғашық болса, ал Филиппо Тальони мен опера әншісі Адольфо Нурридің нұсқасында кейіпкер елес қызды сүйеді.
Жанел Түкеева, Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрының жетекші биші-солисі:
- Бұрын мен бұл партияны билегенмін. Хореографиясы өзгерген жоқ, бірақ кейбір нюанстары, кейбір қолдың қимылдары жаңартылып қойылып жатыр. Кейбір жерлерде музыкалық акценттер өзгерді. Ол маған кішкене қиынға түскен. Бірақ біз онымен де келістік, жаттадық. Өте қызықты жұмыс болды.
Қазақ ұлттық опера және балет театрының сахнасында «Сильфида» балетінің алғашқы сахналық нұсқасы 1984 жылы ұсынылды. Біраз жылдан соң қойылым сахнадан түсіп қалған. Заманауи ең көне романтикалық-хореографиялық балет қайта жаңғырып, театр репертуарына қосылды.
Гүлжан Түткібаева, Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрының труппа жетекшісі:
- Уақыт өткен сайын декорация, костюмдер, хореография, спектакльді оқу жаңартуды қажет етеді. Сондықтан қойылымды біраз өзгертуді жөн көрдік. Қоюшы суретші – Вячеслав Окунев. Ал қоюшы балетмейстер – осы спектакльдің көптеген нұсқасы билеген атақты Леонид Сарафанов. Біз үшін бұл өте маңызды.
«Сильфида» балетінің жаңа қойылымы – Алматының мәдени өмірінде ерекше жаңалық. Спектакль соңында шығармашылық ұжымға Мәдениет және ақпарат министрінің атынан алғыс білдірілді. Көрермендер спектакльді бүгін де тамашалай алады.
Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Сұлтан Бейсекенов.