Қ.Тоқаев пен Юн Сок Ёль қазақ-корей өнерпаздарының концертін тамашалады
Қазақстан мен Корея экономикада ғана емес, руханиятта да берік қатынас орнатты, деп хабарлайды 24kz.
Тарих куә, қос ел бір-бірінен алшақ жатқанымен, тағдырлас. Тілі мен тәрбиесі, тіпті мәдениетінде ұқсастықтар өте көп. Бүгін астанадағы Қалибек Қуанышбаев атындағы театрда корей-қазақ өнерпаздарының әуезді кеші өтті. Іс-шараны екі елдің президенттері тамашалады.
Әдетте спектакль өтетін киелі шаңырақ бүгін алабөтен құлпырған. Табалдырықтан төрге дейін ұлтымыздың төл айшықтары менмұндалайды. Ал сахна сыртындағы жағдай тіптен бөлек. Тойдың болғанынан болары қызық демекші, мұнда қазір қарбалас.
Әртістердің қобалжуы заңдылық. Өйткені бұл кешке екі бірдей елдің Мемлекет басшылары қатысады. Рас, мұндай қадірлі қонақ күнде келе бермейді.
Концерттің басталуына санаулы секундтар қалғанда Қасым-Жомарт Тоқаев пен Юн Сок Ёль төбе көрсетті. Кештің әлқисасы ұлттық классика жауһары «Абай» операсымен ашылды. Бұл кездейсоқ емес. Дәл осы қойылым қазақ өнерпаздарының бағын жағып, күллі әлемге атын әйгілі қылды.
Бір сахна. Бірақ түрлі буын өкілдері. Алайда оларды өнерге деген шексіз махаббат байланыстырады. Патша көңіл көрермен бұл жолы есімі елге енді таныла бастаған жас таланттармен қоса, сахнаның сәніне айналған сақа әншілердің өнерін тамашалады.
Майра Мұхамедқызы, Қазақстанның Еңбек сіңірген артисі:
- Ел ағалары келіп жатқанда, ел басшылары келіп ждатқан кезде екі жақтың да өнер жұлдыздары келіп жатыр. Мен бүгін сахнада қазақтың халық әні «Гүлдерайыммен» өнерімді көрсетемін. Сосын енді классика болғаннан кейін келген қонақтармен бірге Вердидің «Травиата» операсынан үзінді орындаймыз. Әрине, әр ұлттың өзінің дәстүрі, өзінің үні, мына музыка тіліндегі бес нота бұларда халық әндерінде көп кездеседі. Сондықтан кей жерлерінде иірімдері, иректері келеді.
Корей халқы да ежелден өнер десе ішер асын жерге қояды. Таланттарын төбеге көтеріп құрметтейді. Себебі мәдениеті биік елдің мәртебесі де биік боларын біледі.
Чон Пак, пианисші:
- Біз бүгін әйгілі Шопеннің «Ноктюрн» туындысын орындаймыз. Мен үшін қазақ сахнасында тұрып өнер көрсету – зор мәртебе. Сіздің елді көп қандастарымның тұрып жатқанын білемін. Олар Қазақстанды өз Отанындай жақсы көреді. Өз басым біздің елмен көп ұқсастық бар екенін байқадым.
Бір сағатқа созылған кеште корей-қазақ өнерінің 20-ға жуық сұлу сазы мен шоқтығы биік шығармалары орындалды. Әртүрлі ұлт. Бірақ бірін бірі сөзсіз ұғынған жандар. Өйткені өнер тілге бөлінбейді. Ол бәріне ортақ.
Назерке Тоқжан, тілші:
- Қазақстан мен Корея географиялық тұрғыда қиыспайды. Бірақ өнерде шекара болмайтыны белгілі. Әрі биыл екі елдің жарасымды ынтықтастығына 15 жыл толады. Бұл әуезді кеш сол қоян-қолтық қатынастың рухани салмағын айшықтап тұрғандай.
Авторлары: Назерке Тоқжан, Ержан Қанапияұлы Президент телерадио кешенінің көмегімен