Тоқаев: Ол – біздің төл тарихымыздың куәгері

Тоқаев: Ол – біздің төл тарихымыздың куәгері

Президент БАҚ саласы қызметкерлерін марапаттау рәсіміндегі сөзінде осылай деді.

Тағы бір мәселе. Алдымызда «Ұлттық домбыра күні» келе жатыр. Домбыра – қазақтың жаны, ұлт болмысының айнасы. «Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра». Біз ұлттық бірегейлігімізді сақтағымыз келсе, қастерлі аспапты қадір тұтуымыз қажет. Ол – біздің тереңнен тамыр тартатын төл тарихымыздың куәгері. Мерейлі мереке өнерімізді өрге шығарып, тұтастығымызды нығайта түсу үшін керек. Мен ұлттық құндылықты ұлықтайтын бастамаларды барынша дәріптеу қажет деп санаймын. Домбыра күні соның айқын көрінісі болуға тиіс, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

БАҚ өкілдерінің тағы бір маңызды миссиясы – азаматтарға экономиканың дамуы туралы жан-жақты және кеңінен ақпарат беру. Бұл ретте ауыз толтырып айтатын дүние жеткілікті.

Қазір әлемде инвестиция үшін бәсеке қатты жүріп жатыр. Ал онсыз тұрақты экономикалық өсімді қамтамасыз ету қиын. Мемлекеттің осы бағыттағы жүйелі жұмысының арқасында кейінгі жылдары Қазақстанның инвестициялық тартымдылығы артып келеді. Шетелдік инвесторлардың қатысуымен елімізде экономиканы әртараптандыруға және жаңа жұмыс орындарын ашуға бағытталған әрі қаржыландыру көлемі үлкен ондаған, тіпті жүздеген жоба жүзеге асырылып жатыр, – деді Тоқаев.

Ол Алматы облысында 2026 жылы әлемге әйгілі Pepsico компаниясының Орталық Азиядағы ең ірі зауыты ашылатынын, биыл Шымкентте түркиялық серіктестермен бірлесіп, ірі жылыжай кешені құрылысының бірінші кезеңін аяқтау жоспарланып отырғанын мысалға келтірді.

Қытайлық әріптестермен Абай облысында жылына 300 мың тонна мыс қорытатын зауыт салу туралы келісімге қол жеткізілді. Жобаның бастапқы құны – 1,5 миллиард доллар, мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады. Атырау облысында полиэтилен шығаратын интеграцияланған газ-химия кешенін салу көзделіп отыр. Менің тапсырмаммен Үкімет еліміздің батыс аймақтарын әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан дамыту үшін жедел шаралар топтамасын әзірлеп жатыр. Оның нәтижесі көп күттірмейді деп ойлаймын, – деді Мемлекет басшысы.