377 мың балаға үш мектеп
Бес жарым миллион бала небары 148 музыка мектебінде оқиды.
Оқу-ағарту министрлігінің дерегі осындай. Өнертанушылар салада арнайы оқу орындарында қордаланған мәселе де көп екенін айтады. Кейбір аймақтарда жұмыс істеп тұрған мектептің өзі жөнді жабдықталмаған.
Сегіз жастағы Аслан бір жылдан бері домбыра үйреніп жүр. Ұланның ұлттық аспапқа деген қызығушылығы үш жасынан басталыпты. Бүлдіршіннің таудай талабын байқаған анасы ұлын жеке өнер студиясына ертіп келген. Себебі мемлекеттік музыка мектебіне апара алмадық, – дейді ол.
Әсем Қалқаманова, қала тұрғыны:
- Табанымнан таусылып іздеп, екі мемлекеттік музыка мектебін ғана таптым. Оның өзі алыста. Аптасына бірнеше рет ұлымды апарып, алып келуге мүмкіндігім болмады.
Астана әкімдігінің мәліметі бойынша, елордада небары үш музыкалық мектеп жұмыс істейді. Бұл бас қаладағы 377 мың балаға жетпейтіні айтпаса да түсінікті. Біз сол өнер ордаларының біріне барып көрдік. Бұрын бұл ғимаратта балабақша орналасқан. Кейінгі жиырма жылда балғындар бұл жерді ән-күйге бөлеп келеді. Дегенмен, шағын бөлмелер мен енсіз дәліздер өнерпаздарға тарлық етеді, – дейді қалалық балалар музыка мектебі директорының орынбасары Жанар Оралбаева
Жанар Оралбаева, қалалық балалар музыкалық мектебі директорының орынбасары:
- Кабинеттер жетіспесе де балаларды сыйғызуға тырысып жүрміз. Мектебімізді кеңейткіміз келеді. Бізге концерт қою үшін үлкен залдар керек. Қазір жыл сайын 400 баланың ішінен 150-ін ғана іріктеп аламыз. Ғимаратымыз үлкейсе сабақ алушылардың саны да артушы еді.
Басқа өңірлерде де жағдай дәл осындай. Ресми ақпаратқа сәйкес, елімізде 148 мекеме бар. Мәселен, Маңғыстау өңіріндегі 300 мың бала жалғыз мектепке барады. Ал Солтүстік Қазақстанда небары екі өнер ордасы жұмыс істейді. Өнертанушылар бұл оқу ордаларының өзі жеткілікті деңгейде жабдықталмағанын айтады.
Раиса Мұсаходжаева, Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері:
- Бұл мектептердің көбі бірді бірге жалғап әрең күн көріп отыр. Ел аралап жүргенде мықты мамандарды көреміз. Бірақ ондағы жабдықтар кеңес заманынан қалған. Әрине, мектеп директорлары, білім бөлімдері қолдан келгенін жасап жатыр. Бірақ мәдениетке бөлінетін қаражат мардымсыз. Мектеп ғимараттары арнайы жабдықталуы керек. Сыныптарда керек аспаптар, мамандарда оқу құралы болуға тиіс.
Сондықтан ата-аналар баласын жекеменшік орталықтар мен репетиторларға тапсырады, – дейді мамандар. Бірақ бұл арнайы музыкалық білім боп саналмайды.
Раиса Мұсаходжаева, Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері:
- Музыкалық мектептер кәсіби білімнің іргетасы. Олар болмаса музыкалық колледждерге кім түседі? Колледждерден ешкім түлеп ұшпаса, Жоғарғы оқу орындарында да тапшылық болады. Яғни, мәдениетіміз құлдырайды деген сөз.
Жақында музкалық аспап алуға қаражат бөлінетіні белгілі болды. Аталған бұйымдар кәсіптік оқу орындары мен концерттік ұжымдарға берілмек. Бұл туралы Мемлекет басшысы мәдениет және өнер қайраткерлерін марапаттау салтанатында мәлімдеді.
Серік Селеубайұлы, Полина Зачиналова, Мерей Талап, 24.KZ