Астанада түрікмен ақыны Мақтымқұлы Пырағының ескерткіші ашылды
Астанада түрікмен халқының ұлы ойшылы, көрнекті ақын Мақтымқұлы Пырағының ескерткіші ашылды.
2024 жыл түркі әлемінде Мақтымқұлы Пырағы жылы болып жарияланды. Ал ақынның мерейтойы ЮНЕСКО-ның атаулы даталарының тізіміне қосылды. Ескерткіштің ашылуы Қазақстан мен Түрікменстан халықтарының достық байланысын одан әрі нығайтуға тың серпін береді дейді шараға жиналғандар.
Тамырын тереңнен тартатын бауырластық пен рухани сабақтастық. Бүгінгі салтанатты жиында қазақ-түрікмен достығы осылай суреттелді. Астанадағы ескерткіштің авторы танымал түрікмен суретшісі Сарагт Бабаев. Мүсінші ақынның 300 жылдық мерейтойы қарсаңында осындай құрмет көрсетілгеніне дән риза.
Сарагт Бабаев, Түрікменстанның халық суретшісі, мүсінші:
- Мақтымқұлы Пырағыны танымай оның мүсінін жасау мүмкін емес. Шебер оның қандай адам болғанын нақты білуі керек. Мен оның шығармаларын бала күнімнен жаттап өстім. Мақтымқұлы Пырағы өз халқына ғана емес, бүкіл әлемге азық болатын мұра қалдырған ақын. Оның туындыларын әдебиеттанушылар мен тарихшылар әлі күнге дейін зерттеп келеді. Осы ұлы адамның мүсінін жасау маған сеніп тапсырылғанын үлкен мәртебе санаймын.
Сенат Спикері Мақтымқұлының шығармашылығы түрікмен халқының даналығы мен парасатына табан тірейтінін, ақынның мұрасы бүкіл адамзатқа ортақ игілік екенін атап өтті. Сонымен қатар Астанада бұл ескерткіштің ашылуы қос ел достығын одан әрі нығайтуға тың серпін беретінін де айтты.
Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы:
- Бұл бауырлас қазақ пен түрікмен халықтарының достық байланысын одан әрі нығайтатын маңызды іс-шара. Қазіргі таңда Қазақстан мен Түрікменстан арасындағы ынтымақтастық жоғары деңгейде дамып келеді. Оған мемлекет басшылары Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев пен Сердар Гурбангалиевич Бердымұхаммедовтың өзара құрметке негізделген байланысы кепіл болып отыр.
Биыл түрікмен ақынының 300 жылдығы Қазақстанда да кең көлемде аталып өтіп жатыр. Мерейтой аясында ғылыми конференциялар ұйымдастырылды. Астанада аталған ескерткіштің ашылуы қос елдің өзара мәдениет күндері аясында өткізіліп отыр.
Гурбангулы Бердімұхамедов, Түрікменстан Халк Маслахатының Төрағасы:
- Түрікмен мен қазақ халықтары ғасырлар бойы етене байланыста болды. Қазақ бауырларымыздың тарихында үлкен із қалдырған тұлғалардың бірі, композитор, дәулескер күйші Құрманғазы Сағырбайұлының ескерткішін біздің астанамыздағы «Мақтұмқұлы» саябағында орнатылуы мәдени байланысымыздың тамыры тереңде екенін көрсетеді. Алдағы уақытта Ашхабадта көрнекті қазақ ақыны Абай Құнанбайұлының да ескерткішін орнатуды жоспарлап отырмыз.
Шараға қатысушылар Қазақстан астанасында Мақтымқұлы ескерткішінің ашылуы бауырлас халықтарды одан ары жақындастыра түсетініне сенім білдірді.
Серік Селеубайұлы, Қали Несіпбаев