Ақтөбе облысында 4 тарихи ескерткіш қалпына келтіріліп жатыр

Ақтөбе облысында 4 тарихи ескерткіш қайта қалыпқа келтіріліп жатыр. Дала мәдениетінің құнды жауһарлары уақыт өте шөгіп, қар мен жауынның салдарынан қирай бастаған, деп хабарлайды 24KZ.

Мамандар көшпенді және отырықшы мәдениеттің мұрасын қаз-қалпында сақтап, туристік әлеуетін арттыруды көздейді.

Халық арасында «Қыз Әулие» деп танымал бұл мазарда нақты кімнің жерленгенін ғалымдар дөп басып айта алмай отыр. Алғашқы археологиялық қазба жұмыстары кезінде қабірден Айтқұлұлы деген азаматтың құлыптасы табылған. Бұл кесене XVIII ғасырдың соңы, XIX ғасырдың басында қаланған.

Қобда ауданының Талдысай ауылынан 12 шақырым жерде орналасқан тарихи нысан 1982 жылы мемлекеттік маңызы бар мәдениет ескерткіштерінің қатарына енгізілген. Абат-Байтақ кешенінің бір бөлігі. Саз кірпіштен қаланған кесененің күмбезі қирап, қабырғасы да шөгіп барады. Сондықтан биыл облыс бюджетінен қаражат бөлініп, жөндеу жұмыстары қолға алынған.

Шынтас Кенжебаев, құрылысшы:

- Кезінде ата-бабаларымыз жылқымен илеген дейді. Неше жылдан бері шыдап тұрған нәрсе ғой енді. Соны қайтадан қаз-қалпына келтіріп, реставрация ғой біздің істеп жатқанымыз. Қалай істелді, солай істегіміз келеді. Саз, құм араластырып, міне, қалай шығып жатыр сапасы, солай етіп шығарамыз. Енді өзіміздің тарихи мұрамыз ғой. Халыққа да сол күйінде жету керек қой.

Абат-Байтақ кешені – Ақтөбе облысындағы тарихи нысандардың бірегейі. Мұнда сәулет өнерінің сан алуан түрін көруге болады. Мәселен, қорым аумағында XVI мен XIX ғасырлар аралығына тиесілі 243 құлпытас бар. Бір-біріне ұқсамайтын ескерткіштердің композияциялық және сәндік үлгілері – тас қашау шеберлігінің нағыз шыңы. Сондықтан ашық аспан астындағы музейді қаз-қалпында сақтап, болашаққа мирас ету – басты міндет. Жергілікті мәдениет саласы мамандары биыл аймақтағы мұндай 4 тарихи құнды мұраны қайта қалыпқа келтірілетінін айтып отыр. Бұл мақсатта 250 млн теңге қаржы бөлінген.

Фархад Досмұратов, Ескерткіштерді қорғау орталығының директоры:

- Досжан Ишанда өткен жылы біз ескі суреттердің негізінде медресесін жасадық. Биыл ішіндегі мешітті жасаймыз. Сондай-ақ мына Алға ауданындағы былтыр табиғи үлкен циклон болып құлаған, 1909 жылы салынған жел диірмені. Сол толығымен реставрациядан өтетін болады.

Ақтөбе облысындағы 872 тарихи-мәдени ескерткіш мемлекеттің қорғауына алынған. Оларды зерттеу мен жаңғырту, насихаттау үшін арнайы жол картасы бекітілді. Мамандар бұл бағдарлама аясында ескінің көзін сақтап қана қоймай, ондаған мәдени мұраны ғылыми айналымға енгізуді көздейді.

Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков, Айбек Даутов.