Ташкентте Абай ескерткішіне гүл қойылды
Ташкентте Халықтар достығы күнін мерекелеу аясында Абай ескерткішіне гүл қойылды, деп хабарлайды 24KZ.
Шараны шет елдермен Ұлтаралық қатынастар және достық байланыстар комитеті мен жергілікті Қазақ мәдени орталығы ұйымдастырды. Бұл мереке көршімізде кең көлемде атап өтіледі. Биыл 30 шілде мен 4 тамыз аралығында халықтар достығын нығайтатын бұқаралық іс-шаралар мен ғылыми конференциялар өткізу қолға алынды. Соның аясында қазақтың ұлы ақыны әрі ойшылы Абайдың да есімі ұлықталып отыр. Салтанатты рәсімге Ұлтаралық және достық қатынастар комитетінің төрағасы Рустамбек Құрбанов пен Қазақстанның Өзбекстандағы елшісі Бейбіт Атамқұлов қатысты. Қос халықтың туыстық һәм достық байланыстарына тың серпін беретін бастамаларды әңгімеледі. Дерекке сүйенсек, Өзбекстанда 130-дан астам ұлт пен ұлыс өкілі өмір сүреді. Соның ішінде қандастырымыздың қарасы қалың.
Сапарқұл Жамалов, Қазақ ұлттық мәдени орталығының өкілі:
- Абайды барлығымыз оқығанбыз. Оның әдебиетке қосқан еңбегін білеміз. Халықтар достығы жайлы көп жазған. Қазақ, өзбек халқының барыс-келісі жайлы көп айтқан. Барлығымыз ынтымақта жүреміз.