Душанбеде Абай Құнанбайұлына ескерткіш орнатылды
Ертең Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Тәжікстанға екі күндік мемлекеттік сапары басталады, деп хабарлайды 24kz.
Қазақ лидері Тәжікстан Президентінің шақыруымен бара жатыр. Сапар аясында екіжақты және кеңейтілген құрамда кездесулер өтеді. Оның сыртында маңызды мәдени іс-шаралар да жоспарланған. Алды басталып та кетті. Қазақстан Президенті сапарының қарсаңында Душанбенің көрнекті жерінде қазақтың бас ақыны Абай Құнанбайұлына ескерткіш орнатылды.
Тәжік халқының даңқты перзенті Әбілқасым Фирдоуси атындағы мәдени демалыс саябағының төрінен қазақтың бас ақынына ескерткіш орнатылды. Бұл – екі ел достығының дәнекері мен мәдени байланыстың тағы бір белесі. Ескерткіш бюстті қос мемлекеттің мәдениет министрлері ашты.
Матлубахон Амонзода Сатториён, Тәжікстан Республикасының Мәдениет министрі:
- Абайдың бауырластық және ізгілікпен айшықталған шығармашылығы біздің елдеріміз бен халықтарымыздың арасында дәл осы бауырластық пен ізгілік байланыстарды нығайтудағы үлесі зор. Оның шығармашылығы әлемнің көптеген тілдлеріне, оның ішінде біздің тәжік тіліне де аударылғанын мақтанышпен айта аламын. Бізде Абай мұрасын өткен ғасырдың 60-жылдарынан бері бірнеше ұрпақ оқып өсті. Енді міне, ескерткіші де бар.
Мәдени қарым-қатынастың дамуы екі ел арасындағы басқа да салалардағы әріптестіктің өрістеуіне жол ашады. Сондықтан ынтымақтың ырысы әлі молая түседі.
Аида Балаева, ҚР Мәдениет және ақпарат министрі:
- Қазақстан мен Тәжікстан арасын өзара сенім мен достық қарым-қатынастан бөлек, ежелден ортақ тағдырмен таңбаланған тарих байланыстырады. Сол себепті екіжақты мәдени байланыстарға біз шын сүйінеміз. Бүгін міне, тәжік елінің төрінде Абай ескерткішінің ашылуы достық, бауырластық байланыстарымызды бұдан әрі нығайта түсетіні анық.
Әйгілі Шахнаме дастанын жазған Әбілқасым Фирдауси парсы-тәжік руханиятының бәйтерегі болса, оны Абай 13 жасында жазған, алғашқы өлеңіне қосқан. Фирдаусидің атындағы орталық саябақтың төрінен Абайға орын бұйыруы заңдылық деп атап өтті тәжік жазушысы Низом Косим. Айта кетейік, бұған дейін Душанбеде Абай атына көше берілген болатын.
Берік Дүйсенбай, тілші:
- Ал ресми іс-шараларға келсек, Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік сапары аясында Тәжікстан лидерімен екіжақты және кеңейтілген құрамда келіссөздер жүргізеді. Екі ел делегациялары арасында бірнеше маңызды құжатқа қол қойылады деп күтілуде. Тәжік сарапшылары Қазақстан Президентінің келуін тарихи сапар деп отыр. Соған қарағанда аса маңызды келісімдер болатын сияқты. Ертең білеміз.
Авторлары: Берік Дүйсенбай, Әлібек Әлиев