Қорқыт ата кесенесіне келетін туристер саны артты
Қызылорда облысындағы Қорқыт ата мемориалдық кешені Көшпенділер ойындары аясындағы туристік бағыттардың қатарына енді, деп хабарлайды 24KZ.
Осыған орай ескерткіш маңында күн сайын мәдени шара өтеді. Халықаралық автобан бойындағы тарихи нысанға туристер көп аялдайды. Бұл жолы ескерткіш маңына киіз үй құрылып, арқын тарту, асық ату, қазақ күресі секілді спорт түрлерінен қойылым көрсетілді. Қонақтарға қазақтың ұлттық тағамдары ұсынылды.
Айгүл Бермаханова, Қорқыт ата мемориалдық кешенінің ғылыми қызметкері:
- Қорқыт атаның туған жері Жанкент қаласынан табылған экспонаттар бізде музейде қамтылған. Сол экспонаттармен қызығушылық танытады. Әсіресе қобызбен және қошқар бейнесіндегі культтық бұйым бар, ошақтың аузы қызметін атқарған. Сол бұйымды өздері суретке түсіріп, сол жайлы көбірек мағлұмат алады.
Нұрбол Мырзабаев, Қармақшы аудандық дене тәрбиесі, спорт және туризм бөлімінің басшысы:
- Ұлттық спорт ойындарынан көріністер, ұлттық қолөнер шеберлерінің көріністері тұрақты түрде өтіп тұрады. Біз өзіміздің ұлттық өнерімізді, ұлттық спортымызды осы келген шетелдік туристерге насихаттауға мүмкіндігіміз бар.