Астанада ақын Несіпбек Айтұлына ескерткіш тақта орнатылды

Астаналықтар Абай даңғылындағы 1-үйдің қабырғасына «Бостандық жырының бозжорғасы» атанған ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның еңбек қайраткері Несіпбек Айтұлына арнап ескерткіш тақта қойды.

Ақын осы үйде тұрған. Абай даңғылындағы 1-үй. Жұртына жүрек тербейтін талай қазына қалдырған қаламгер өмірінің кейінгі 20 жылын осы қабырғада өткізді.

Азаттық жырының айбозы атанған Несіпбек Айтұлы тұрған үйдің қабырғасына ақынға арналған ескерткіш тақта орнатылды. Шайырдың көзін көріп, жырын жатқа оқыған оқырмандар жиналып, замандастары естелік айтты. Ол эпикалық жанрға да қалам тербеген. Қолынан қаламы түскен жоқ. Сол арқылы тәуелсіз елдің жырын жырлап, өмірін өлеңге арнады дейді ақын Ғалым Жайлыбай. 

Ғалым Жайлыбай, Мемлекеттік сыйлықтың иегері:

- Қазақтың қабырғалы ақыны Несіпбек Айтұлының тұрған үйіне ескерткіш тақта қойылды. Қазақ қоғамы ол кісіні өте жақсы біледі. «Бостандық жырының бозторғайы», «Азаттық жырының айбозы» деп  тірі кезінің өзінде атап, ел алақанына салды. Жалпы Несіпбек бақытты ақын деп ойлаймын өз басым...  

Несіпбек Айтұлы 1974 жылы шыққан «Қозыкөш» кітабынан бастап, «Бәйтерек», «Бөрітостаған», «Ерлікке ескерткіш» сынды көптеген кітаптың авторы. Ол жырдан бәйтерек тұрғызып, Әлішер Науаидай әлем классиктерін туған тілімізге аударған. Несіпбек Айтұлының алғашқы кітабын мұзбалақ ақын Мұқағали Мақатаев оқып, батасын берген. 

Дәулеткерей Кәпұлы, ҚР Жазушылар одағы Астана филиалының директоры:

- Мұқағали бата берген «Қозыкөш» тұңғыш жыр жинағынан бастап, әсіресе қазақтың кереғар уақыттарда кеткен есесін қайтарғандай. Біз тәуелсіз алғаннан кейінгі тарихи романдар көптеп шықты ғой, бірақ, Несіпбек аға өлең тілімен, поэзиямен қаншама батырлардың, хандардың бейнесін сомдады. Біздің тарихымыздың олқы түсіп жатқан жерін толтырып берді.

Тірісінде;

Керек қылса жолында оның құрбанмыз,

Бәріне де белді бекем буғанбыз.

Бір кеудеге екі жүрек сыйғанмен,

Қазақ үшін Отан жалғыз, Ту жалғыз!, деп жырлаған ақын былтыр қазан айының 16-сы күні өмірден өтті. Тірі болғанда биыл 74 жасқа толар еді.

Асантемір Қаршығаұлы, Серік Қоңырбаев