Алматыда түрік фильмдерінің апталығы өтіп жатыр
Алматыда IX түрік фильмдерінің апталығы өтіп жатыр, деп хабарлайды 24kz.
Мәдени шараның тұрақты өтуіне Түркия Республикасының Мәдениет және туризм министрлігі мен Түркияның Алматыдағы Бас консулдығы қолдау көрсетіп келеді. Жобаның басты ұйымдастырушысы – «Йерли Дүшүнже» қауымдастығы. Апталықтың ашылуына Қазақстан мен Түркияның киногерлері, режиссерлер, актерлар мен көрермендер қатысты.
Түрік фильмдерінің апталығы «Соңғы кешкі ас» киносымен ашылды. Картинада Мұстафа Кемал Ататүріктің рөлін Онур Туна сомдайды. Актердің айтуынша, бұл биографиялық драма. ХХ ғасырдың басындағы маңызды тарихи кезеңді сипаттайды. Фильмдегі оқиға Түрік Республикасын жариялайтын кезеңде өрбиді.
Онур Туна, актер:
- Мен Қазақстанға алғаш келіп тұрмын. Көрермендер жылы қабылдап жатыр. Түрік фильмдері сіздердің елде жақсы көрсетілетінін білемін. «Соңғы кешкі ас» картинасында Түрік Республикасының алғашқы президенті Мұстафа Кемал Ататүріктің рөлін ойнаймын. Бұл мен үшін үлкен құрмет. Осындай патриоттық фильмдер ел мен жерге деген отансүйгіштік қасиетті сіңіре түседі.
Бұдан өзге, түрік киногерлері Алматы жұртшылығына тағы төрт фильм ұсынып отыр. Атап айстақ,«Рафадан тайпа», «Жан жер минус екі», «Түннің қайырмасы» және «Өмірмен келіс» деп аталады. Жобаның үйлестірушісі Өнер Кылыч: «мұндай іс-шаралардың қазақ-түрік мәдени байланыстарын нығайтуға ықпалы зор», - дейді.
Өнер Кылыч, жоба үйлестірушісі:
- Әрине, түрік фильмдері апталығының тұрақты түрде өтіп келе жатқандығы екі елдің де киногерлерін қуантады. Бұл тәжірибе алмасуға, актерлердің бір-бірімен кездесіп, пікір алмасуына үлкен мүмкіндік. Көріп отырсыздар, халықтың қошеметі керемет. Актерлер үшін осыдан артық сый-құрмет керек жоқ. Бұл жолы әр түрлі жанрдағы кинолар алып келдік.
Мәдени шараның өтуіне алматылық кәсіпкерлер қолдау білдіріп, кинозалдарын ұсынды. Фильмдер Kinopark 11 IMAX Esentai кинотеатрында тегін көрсетіледі. Апталық 9 қазанға дейін жалғасады.
Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова, Әбен Нарымбаев