Венгрияда көшпенділер мәдениетіне арналған көрме ашылды
Венгрияның Қарцаг қаласында «Қазақстан көшпенділері: тарихы мен бүгіні» атты көрме ашылды.
Келелі мәдени іс-шараның ұйымдастырылуына Алматы қаласы әкімдігі мен Қазақстанның Мажар еліндегі елшілігі мұрындық болды.
Көшпенділердің салт-дәстүрі мен тұрмыс-тіршілігі жайлы көрменің Қарцаг қаласында өтуі бекер емес. Өйткені, тап осы шаһар кезінде Мажарстанға көш түзеген қыпшақтардың алғаш табан тіреген мекенінің бірі. Ұлы Қыпшақ қорғаны осында. Сондықтан Қарцаг екі ел арасындағы мәдени көпірге айналған тарихи маңызы бар қала.
«Қарцаг Кинче» өнер мұражайында ашылған көрмеде Алматы музейінде сақталған 200-ден астам жәдігер қойылды. Екі бөліктен тұратын көрменің алғашқы бұрышында қазақ халқының ежелгі салт- дәстүрі, музыкалық, зергерлік және аңшылық өнері көрсетілсе, екінші бөлігінде- еліміздің тұмса табиғаты мен қалаларымыздың заманауи келбеті паш етілген. Мысалы, көрмеге қойылған маңызды экспонаттардың ішінде Абай Құнанбайұлының жеке домбырасы бар.
Ләззат Сағындықова, Алматы қаласы музейлер бірлестігінің директоры:
- Жалпы қазіргі Мажарстан мен Қазақстан арасында тығыз тарихи байланыс бар. Себебі қазіргі Мажарстан аумағында XIII ғасырда Торғай аумағынан көшіп келген қыпшақтар өмір сүреді. Сол себепті, Қарсаг қаласындағы өнер музейі мен Алматы қаласы музейлер бірлестігі арасында мемарандумға қол қойылды. Сол меморандум негізінде бүгінгі көрмеміз ұйымдастырылып отыр.
Абзал Сапарбекұлы, ҚР Венгриядағы Төтенше және өкілетті елшісі:
- Бұл жердегі бұйымдар, Қарсаг қаласы мен тұрғындарын ерекше сезімге бөледі деп ойлаймыз. Себебі Мажарстанда тұрып жатқан қыпшақтар өздерінің тарихын мәдениетін, салт-дәстүрін ұлы даладағы қыпшақтармен жалғасы болып қалатын қазақтармен тығыз байланыстырады. Мадиярлар болсын қыпшақтар болсын өздеріне ең жақын халықтардың бірі ретінде қазақ халқын есептейді.
Мажарлық қыпшақтар көрменің Карцагта ұйымдастырылғанына дән риза. Қазір көрмеге келушілердің қарасы қалың. Қонақтар екі елдің тарихи байланысын паш ететін осындай мәдени іс-шаралар туыстас халықтарды одан әрі жақындатады дейді.
Шандор Ковач, Мажар қыпшақтары одағының президенті, парламент депутаты:
- Өзінің тарихи шығу тегін мақтан етіп, оған ерекше мән беретін мажар қыпшақтары үшін көрменің маңызы зор. Бұл олардың қазақтармен тікелей туыстық қатынастардың дәлелі. Мұндай көрмелерді өткізу елдер арасындағы қарым-қатынасты нығайтуға ықпал етеді.
Тибор Сепеши, Карцаг қаласының мэрі:
- Мажар қыпшақтары мен қазақ халқын байланыстыратын тарихы терең этнографиялық жәдігерлермен танысу мүмкіндігі үшін алғысым шексіз. Олар ортақ тарихымыздан сыр шертеді, мажар қыпшақтарының шығу тегін еске түсіріп қана қоймай, қос елдің одан әрі жақындатады.
Көрме аясында белгілі күйші, домбырашы Еркін Құдайберген танымал қазақ композиторларының шығармаларын орындады. Іс-шара қонақтары халқымыздың ұлттық тағамдарынан дәм татты. Айта кетейік, көрме 20 қарашаға дейін жалғасады.
Меруерт Қанағат